ШИЕЛІДЕ ЗАМАНАУИ ҮЛГІДЕГІ ЖЫЛЖЫМАЛЫ ҚОНАҚ ҮЙ КЕШЕНІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

1 505

ШИЕЛІДЕ ЗАМАНАУИ ҮЛГІДЕГІ ЖЫЛЖЫМАЛЫ ҚОНАҚ ҮЙ КЕШЕНІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Шиелі ауданында кәсіпкерлік пен туризм саласын дамыту бағытындағы тағы бір маңызды жоба жүзеге асып, аудан тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Аудан орталығындағы “FLY” Самғау мейрамханасы жанынан заман талабына толық сай жабдықталған жылжымалы қонақ үй кешені пайдалануға берілді. Ерекше форматтағы жоба аясында 5 бірдей заманауи жылжымалы қонақ үй келушілерге қызмет көрсетуді бастады.

Бұл жоба – аудан көлемінде алғаш рет іске асырылып отырған ерекше үлгідегі қонақ үй кешені. Қазіргі таңда туризм мен қызмет көрсету саласына деген сұраныс күн санап артып келеді. Осыған орай іске қосылған жаңа кешен ауданға келетін қонақтар мен туристерге жайлы жағдай жасап, сапалы қызмет ұсынуға бағытталған.

Жоба аясында әрбір жылжымалы қонақ үй барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Демалушылар үшін жайлы жатын орын, санитарлық торап, заманауи интерьер, кондиционер жүйесі, жоғары жылдамдықтағы интернет пен басқа да қолайлы мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар, кешеннің сыртқы келбеті де ерекше заманауи стильде жасақталып, ауданның көркін арттыра түсті.

Аталған нысанды “Мун” жеке кәсіпкерлігі іске қосып отыр. Кәсіпкердің тың бастамасы ауданымыздағы туризм, сервистік қызмет көрсету және кәсіпкерлік саласының дамуына жаңа серпін бермек. Мұндай ерекше форматтағы жобалар ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, келушілердің қызығушылығын оятатын маңызды нысанға айналмақ.

Жоба мемлекеттік қолдау аясында жүзеге асырылған. Кәсіпкер жеңілдетілген мемлекеттік бағдарлама арқылы 120 миллион теңге көлемінде несие алып, кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алған. Бұл мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нақты нәтижесі екенін аңғартады. Бүгінде елімізде кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, жаңа бизнес жобаларды қолдау және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осындай бағдарламалардың тиімділігі арқасында өңірлерде тың жобалар іске асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылып келеді.

Салтанатты ашылу рәсіміне арнайы қатысқан аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы Жандарбеков кәсіпкерді жаңа жобаның ашылуымен құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Аудан басшысы өз сөзінде кәсіпкерлік – өңір экономикасының басты қозғаушы күші екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінде кәсіп ашамын деген азаматтарға барлық мүмкіндік жасалған. Осындай тың бастамалар аудан экономикасының дамуына оң әсерін тигізіп, халыққа сапалы қызмет көрсетуге жол ашады. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарының құрылуына да ықпал етеді. Сондықтан кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтарға әрдайым қолдау көрсетіледі, – деді аудан әкімі.

Шара барысында қонақтар жаңа кешеннің ішкі мүмкіндіктерімен танысып, ұсынылатын қызмет түрлерін көрді. Ерекше форматтағы жылжымалы қонақ үйлер көпшіліктің қызығушылығын тудырып, жобаға оң бағасын берді. Заманауи дизайн мен табиғат аясындағы тынығуға қолайлы орта келушілерге ерекше әсер сыйлады.

Айта кетейік, соңғы жылдары Шиелі ауданында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Соңғы 4 жылда аудан экономикасына 262,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім көлемі 140 пайызға артқан. Бұл – ауданның экономикалық әлеуетінің жоғары екенін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі.

Бүгінде аудан бойынша 5757 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, нәтижелі жұмыс жүргізуде. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетіліп, жаңа өндіріс орындары мен қызмет көрсету нысандары ашылуда. Нәтижесінде аудан тұрғындарының табысы артып, жаңа жұмыс орындары құрылып келеді.

Мұндай жобалардың жүзеге асуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретіні сөзсіз. Әсіресе туризм саласының дамуы өңірдің танымалдылығын арттырып, сырттан келетін қонақтар санын көбейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қызмет көрсету сапасының артуы халықтың сұранысын қанағаттандырып, заманауи инфрақұрылымның қалыптасуына жол ашады.

Шиелі ауданында алдағы уақытта да кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған ауқымды жобалар жалғасын таба бермек. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының тұрақты дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына және жаңа мүмкіндіктердің пайда болуына ықпал етеді.

Ел игілігі жолында қолға алынған осындай ауқымды бастамалар көбейіп, ауданымыздың дамуына үлес қоса берсін!

@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі