Қызылордада «Қыс-2025» республикалық оқу-жаттығуы өтті
Қызылорда қаласында қыс мезгілінде туындауы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюға дайындықты арттыру мақсатында «Қыс-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылды. Шара Сырдария өзенінің сол жағалауында өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Оқу-жаттығуға қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағамбетов, қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Руслан Ерсұлтанұлы, қаладағы барлық тиісті қызметтердің мамандары, коммуналдық құрылымдардың өкілдері және еріктілер қатысты. Жиында азаматтық қорғау қызметтерінің саптық қарауы өткізіліп, техника мен жеке құрамның қысқы кезеңге дайындығы тексерілді.
Шара барысында қала аумағындағы дауыс зорайтқыш және құлақтандыру жүйелерінің жұмысқа дайындығы, су басу қаупі бар учаскелердегі дамбыларды бекіту, апаттық-құтқару және іздестіру жұмыстарын үйлестіру іс-қимылдары пысықталды. Қысқы уақытта жиі кездесетін қар құрсауында қалу, жол-көлік оқиғалары, су тасқыны қаупі сияқты жағдайларда әрекет ету тәртібі көрсетілді.
Оқу-жаттығуды өткізуге барлығы 48 арнайы техника мен 168 жеке құрам жұмылдырылды. ТЖ қызметтері мен өзге де жауапты құрылымдардың бірлескен іс-әрекеті үйлестіріліп, төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша тәжірибелік дағдылар шыңдалды.
Қала әкімдігі мен Төтенше жағдайлар басқармасы қыс мезгіліне дайындық жұмыстары тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.







