ШИЕЛІ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТІ 45 СЕССИЯСЫ ӨТТІ

1 505

ШИЕЛІ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТІ 45 СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында VIII шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті 45 сессиясы өтті. Сессияға аудандық мәслихат төрағасы М.Тұрабаев төрағалық етіп, жиынға аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы Жандарбеков қатысты.

Жиынға сондай-ақ Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Қордабай Нұрғали Рақымшаұлы, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік мекеме басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сессия жұмысы барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – 2025 жылға арналған аудандық бюджеттің орындалуы туралы есеп болды.

Аталған мәселе бойынша Шиелі аудандық экономика және қаржы бөлімінің есебі тыңдалып, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының қорытындысы ұсынылды. Қаржы тәртібі, бюджет қаражатының игерілуі және жоспарланған көрсеткіштердің орындалу деңгейі жан-жақты талқыланды.

Сонымен қатар, 2025 жылға арналған Шиелі кенті және барлық ауылдық округтердің бюджеттерінің атқарылуы туралы жылдық есептер қаралды. Атап айтқанда, Ақмая, Ақтоған, Алмалы, Бәйгеқұм, Бәйтерек, Бестам, Еңбекші, Жаңатұрмыс, Жиделіарық, Жөлек, Жуантөбе, Иіркөл, Керделі, Қарғалы, Қоғалы, Майлытоғай, Ортақшыл, Сұлутөбе, Талаптан, Тартоғай, Телікөл және Тұран ауылдық округтерінің бюджеттік атқарылу барысы бойынша есептер тыңдалды.

Жиын барысында аудандық мәслихаттың экономикалық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі қаралып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды. Комиссия тарапынан аудан экономикасын дамыту, бюджет қаражатын тиімді пайдалану және әлеуметтік салаларға бөлінген қаржының игерілуіне қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды.

Сонымен қатар, сессия күн тәртібінде сайлау жүйесіне қатысты ұйымдастырушылық мәселелер де қаралды. Атап айтқанда, Шиелі аудандық мәслихатының депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларын қалыптастыру туралы шешімге өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Сондай-ақ, учаскелік сайлау комиссияларының құрамын сайлау қорытындыларына байланысты өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша депутаттар тарапынан ұсыныстар мен пікірлер айтылып, ауданның даму бағытына қатысты нақты сұрақтар көтерілді. Әсіресе, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымы, әлеуметтік нысандардың жағдайы, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы және жергілікті басқару сапасын арттыру мәселелері назарға алынды.

Аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы өз сөзінде мәслихаттың аудан дамуындағы рөліне тоқталып, ашық диалог пен бірлескен жұмыстың маңызын атап өтті.

– Мәслихат пен атқарушы билік арасындағы өзара іс-қимыл – ауданның тұрақты дамуының негізгі кепілі. Барлық шешімдер халықтың мүддесі үшін қабылдануы тиіс. Басты мақсат – тұрғындардың өмір сапасын арттыру, – деді аудан басшысы.

Сессия барысында тиісті бөлім басшылары мен ауыл әкімдері депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауап беріп, атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Сонымен қатар, бірқатар мәселелер бойынша қосымша зерделеу және тиісті шаралар қабылдау қажеттігі айтылды.

Жиын қорытындысында қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді. Мәслихат депутаттары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бастамаларды қолдайтындарын және алдағы уақытта да белсенді жұмыс жүргізетіндерін жеткізді.

Жалпы, кезекті 45 сессия ауданның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, жергілікті басқару тиімділігін арттыру және әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған маңызды алаң болды.

Шиелі ауданында халық игілігіне бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын таба бермек.

@Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі