Аудан әкімі Ардақ Ибраимов ауыл шаруашылығы саласының үздіктерін марапаттады

1 600

Фото: Жалағаш аудан әкімдігіЖалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиын барысында аудан басшысы Қызылорда қаласында өткен «Алтын күз – 2025» мерекесіне атсалысып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін жоғары деңгейде ұйымдастыруға үлес қосқан сала мамандарын облыс және аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

– 17 қазанда аймақ басшысының қатысуымен Қызылорда қаласында егін жинау науқанының аяқталуына орай «Алтын күз – 2025» салтанатты шарасы өтті. Аталған іс-шарада ала жаздай маңдайы күнге, табаны құмға күйген мәртебелі еңбек адамдары марапат төрінен көрініп, зор құрметке бөленді. Сонымен қатар Жалағаш ауданы «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша озат аудан» номинациясына ие болды. Бұл – ауданымыз үшін үлкен жетістік. Баршаңызды осы айтулы марапатпен шын жүректен құттықтаймын, – деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.

Сонымен қатар, 18 қазан күні «Алтын күз – 2025» мерекелік іс-шарасы аясында Қызылорда қаласында Жалағаш ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Шара барысында қала тұрғындарына ауданнан жеткізілген 200 тоннаға жуық өнім базар бағасынан 15–30 пайызға төмен бағамен ұсынылды.

Жәрмеңкенің жоғары деңгейде өтуіне аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат қызметкерлері, бөлім және мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ шаруашылық құрылымдары белсене атсалысты.

– Бұл шараны ұйымдастыруда бірлік пен ауызбіршілік танытқан баршаңызға аймақ басшысының және өз атымнан шынайы алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да ел игілігі жолында бірлесе атқарған еңбегіміз жемісті болсын, – деді аудан әкімі.

Мәжілісте аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов те сөз сөйлеп, марапат иелерін құттықтап, ел игілігі жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.

Айта кетейік, Республика күні мерекесі қарсаңында Жалағаш ауданында «Алтын күз – 2025» салтанатты шарасын өткізу жоспарланып отыр. Бұл күні ауыл шаруашылығы саласында жоғары нәтижеге қол жеткізген озат еңбеккерлер мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталады.

Жиын соңында Ардақ Ибраимов тиісті сала басшыларына алдағы мерекелік іс-шараларға тыңғылықты дайындық жүргізіп, олардың жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз етуді тапсырды.