«АРАЛ-СЫРДАРИЯ» БАССЕЙНДІК ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге қатысты мәжіліс өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жиында су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының жаңа басшысы Зейнулла Қазтоғанов таныстырылды. Алдымен аймақ басшысы осыған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы қызметін атқарып келген Қайратбек Сәрсенбаевты құрметті еңбек демалысына шығуымен құттықтады.
Жиында Қайратбек Әубәкірұлы Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Облыс әкімі Зейнулла Қазтоғановтың жаңа қызметіне сәттілік тілеп, бірқатар міндеттерді айқындады.
Зейнулла Молдағалиұлы 1972 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Қызылорда агроөнеркәсіп өндіріс инженерлері институтында инженер-мелиоратор мамандығы бойынша білім алған. 1998-1999 жылдары Су ресурстары комитеті «Арал-Сырдария» бассейндік су шаруашылығы бірлестігінің инженері, 2000-2023 жылдары Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясында түрлі қызметте болған. 2023 жылдан бастап осы күнге дейін инспекция басшысының орынбасары болды.