Олжас Бектенов облыс активімен кездесуде Мемлекет басшысының атынан Нұрлыбек Нәлібаевқа алғыс білдірді

1 505

Олжас Бектенов облыс активімен кездесуде Мемлекет басшысының атынан Нұрлыбек Нәлібаевқа алғыс білдірді.  Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қызылорда облысының активімен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, алдағы міндеттер мен басым бағыттар жөнінде кеңейтілген жиын өткізді. Басқосуға орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыс активі, құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары және қоғамдық ұйым жетекшілері қатысты.

Кездесу барысында Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Қызылорда облысын бірнеше жыл басқарған Нұрлыбек Нәлібаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдірді.

Премьер-министр өз сөзінде соңғы жылдары Сыр өңірінде ауқымды жұмыстар атқарылып, өңір экономикасының тұрақты өсімі қамтамасыз етілгенін атап өтті. Оның айтуынша, жалпы өңірлік өнім көлемі соңғы төрт жылда екі есеге өсіп, 3,7 трлн теңгеге жеткен. Бұл – жүйелі жұмыстың, мемлекеттік қолдаудың және өңірге тартылған инвестициялардың нақты нәтижесі.

– Қызылорда облысында соңғы жылдары ауқымды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды. Инвестиция тарту көлемі артты, жаңа өндірістер ашылды, әлеуметтік нысандар бой көтерді. Халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Бұл – өңір басшылығының, мемлекеттік органдардың және барша тұрғындардың ортақ еңбегінің нәтижесі, – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы облыс активіне жаңадан тағайындалған аймақ басшысы Мұрат Ергешбаевты таныстырып, Мемлекет басшысы өңір басшылығының алдына бірқатар маңызды міндеттер қойғанын атап өтті.

Атап айтқанда, Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаларды тиімді іске асыру, экономиканы әртараптандыру, цифрландыруды дамыту, инвестиция тарту, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажеттігі айтылды.

– Президенттің бастамасымен елімізде маңызды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жүзеге асырылуда. «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының нәтижелі орындалуы бәрімізге ортақ жауапкершілік екенін атап өткім келеді. Мемлекет басшысы Қызылорда облысының дамуын үнемі бақылауда ұстап келеді. Алға қойылған мақсаттарға жету үшін мемлекеттік құрылымдар мен қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет, – деді Олжас Бектенов.

Кездесу барысында Премьер-министр өңір басшылығына нақты тапсырмалар берді. Ең алдымен, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей әсер ететін әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың тиімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Жиында Қызылорда қаласында пайдалануға берілген қуаттылығы 240 мегаватт болатын жаңа газ жылу-электр орталығының маңызы ерекше атап өтілді. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан бұл жоба өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрғындардың электр мен жылу энергиясына деген сұранысын толық өтеуге мүмкіндік береді.

Аталған ірі энергетикалық жобаға 215 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Жоба өңір экономикасының дамуына серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өндірістік әлеуетті арттыруға ықпал етуде.

Сонымен қатар, Қызылорда қаласын ыстық сумен қамтамасыз ету жобасының да маңыздылығы айтылды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 26 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Нәтижесінде қала тұрғындарының коммуналдық қызмет сапасын арттыруға және тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік жасалды.

Премьер-министр агроөнеркәсіп кешені саласын дамыту мәселесіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, су ресурстарын тиімді пайдалану – өңір үшін аса маңызды міндеттердің бірі.

– Қазіргі климаттық өзгерістер жағдайында су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығы дақылдарының құрылымын оңтайландыру және суды тиімді пайдалану мәселесі ерекше өзекті. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет, – деді Олжас Бектенов.

Жиында кәсіпкерлікті қолдау мәселесіне де басымдық берілді. Премьер-министр шағын және орта бизнесті дамыту өңір экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі екенін атап өтті.

Соңғы жылдары Қызылорда облысында кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің өңір экономикасындағы үлесі 24,7 пайызға жеткен.

– Шағын және орта бизнес – жаңа жұмыс орындарын ашатын, экономиканың қозғаушы күші саналатын маңызды сала. Сондықтан кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, бизнеске қолайлы жағдай жасау және инвестициялық тартымдылықты арттыру жұмыстары жалғасуы керек, – деді Үкімет басшысы.

Кездесуде бюджет қаражатын тиімді пайдалану және қаржылық тәртіпті күшейту мәселелері де көтерілді. Премьер-министр Қызылорда облысында соңғы төрт жылда әлеуметтік салада 100 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілмегенін ерекше атап өтті.

Үнемделген қаражат әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға, жаңа инфрақұрылымдық нысандар салуға және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.

– Бюджет қаражатын тиімді пайдалану – әрбір мемлекеттік органның басты міндеті. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуы қажет. Үнемделген қаражат халыққа қажетті нақты жобаларға жұмсалуы тиіс, – деді Олжас Бектенов.

Жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылымды жаңғырту, денсаулық сақтау, білім беру және коммуналдық салаларды дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Сонымен қатар, жаңа облыс әкімі Мұрат Ергешбаевқа Президент жүктеген міндеттерді сапалы орындау, өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және халықпен тығыз байланыста жұмыс жүргізу қажеттігі айтылды.

Кездесу қорытындысында Премьер-министр Үкімет тарапынан Қызылорда облысына жан-жақты қолдау жалғасатынын атап өтіп, өңірдің алдағы уақытта да қарқынды дамитынына сенім білдірді.

Фото: @KZgovernment