ПРЕЗИДЕНТ САЯБАҒЫНДА «БІРЛІК. ДОСТЫҚ. БЕРЕКЕ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ
ПРЕЗИДЕНТ САЯБАҒЫНДА «БІРЛІК. ДОСТЫҚ. БЕРЕКЕ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ
Қызылорда қаласындағы Президент саябағында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «БІРЛІК. ДОСТЫҚ. БЕРЕКЕ» атты кең ауқымды мерекелік шара өтті. Берекелі бастамалар мен бейбіт өмірдің қадірін ұлықтаған тағылымды іс-шараға қала тұрғындары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, зиялы қауым, жастар мен қонақтар қатысты.
Мерекелік кештің негізгі мақсаты – еліміздегі қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту, бірлік пен достық құндылықтарын дәріптеу, Қазақстан халқының ортақ мәдениеті мен рухани байланысын кеңінен насихаттау болды.
Мерекеге орай Президент саябағы ерекше сәнге бөленіп, ұлттық нақыштағы безендірулермен көмкерілді. Саябақ аумағында қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, онда ұлттық нақыштағы бұйымдар, зергерлік әшекейлер, кәдесыйлар, ағаш және теріден жасалған қолөнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
Сонымен қатар, жас суретшілердің шығармашылық жұмыстары қойылған көрме келушілердің қызығушылығын тудырды. Қылқалам шеберлерінің туған жер, табиғат, достық, бейбітшілік пен ұлттық құндылықтарды арқау еткен
туындылары мерекелік көңіл-күйді одан әрі арттыра түсті.
Шара барысында ұйымдастырылған гүлдер және құстар фестивалі де қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлады. Түрлі-түсті гүлдер композициялары мен сәндік құстар көрмесі келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, табиғат пен сұлулық үйлесімін паш етті.
Мерекелік жиында Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов жиналған жұртшылықты Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, ынтымақ пен татулықтың ел дамуы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Соның бір жарқын мысалы – бүгінгі Президент саябағы. Бұл орын бүгінде қызылордалықтардың сүйікті демалыс аймағына айналды. Тұрғындар мұнда келіп тынығып, отбасымен уақыт өткізеді, – деді Нұржан Ахатов.
Қала әкімі өз сөзінде алдағы уақытта Президент саябағы аумағында жаңа әлеуметтік-мәдени нысандар пайдалануға берілетінін атап өтті.
– Алдағы күндері осы аумақта жылдың төрт мезгілінде жұмыс істейтін балалар тынығу лагері мен заманауи Ботаникалық бақ халық игілігіне ұсынылады. Бұл нысандарда білім мен тәрбие, таным мен тағылым үндестіріліп, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына барлық мүмкіндік жасалады. Мұндай жобалар балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше ықпал етеді, – деді қала басшысы.
Сонымен қатар, Нұржан Ахатов Бірлік күні – халықтың ынтымағы мен достығын дәріптейтін ерекше мереке екенін айтты.
– Бүгін жаңа саябақтың саясында халқымыздың рухани және жасампаз құндылықтары дәріптеліп, Бірлік күні ерекше аталып өтуде. Бұл – татулық пен достықты нығайтатын мейрам. Бір мақсат пен жарқын болашақ жолында біріккен халқымыз үшін бұл күннің маңызы ерекше. Қазақ халқында «Ырыс алды – ынтымақ» деген тағылымды сөз бар. Шынында да, ынтымақ бар жерде береке болады. Ел бірлігі бекем болса, мемлекеттің мерейі үстем болады. Біздің қасиетті Қазақстанымызда бірлік ұғымы әрдайым бірінші орында, – деді ол.
Қала әкімі еліміздегі барлық этнос өкілдерінің мемлекет дамуына ортақ үлес қосып келе жатқанын ерекше атап өтті.
– Бүгінде Сыр бойында 30-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне әр салада еңбек етуде. Олар білім, мәдениет, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды салаларда табысты қызмет атқарып келеді. Бұл – еліміздегі бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің нақты көрінісі, – деді Нұржан Ахатов.
Айта кету керек, қазіргі таңда облыста 11 этномәдени бірлестік пен 9 қоғамдық құрылым белсенді жұмыс жүргізуде. Олар этностар арасындағы достықты нығайтуға, ұлттық мәдениеттерді дамытуға және жастар тәрбиесіне бағытталған түрлі жобаларды жүзеге асыруда.
Мерекелік бағдарлама аясында этнос өкілдері ұлттық әндер мен билерден шашу шашып, көрермен қауымға ерекше
өнер кешін сыйлады. Әр ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрін танытқан концерттік бағдарлама көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Сахна төрінде орындалған патриоттық әндер мен достықты дәріптеген музыкалық композициялар қоғамдағы бірлік пен татулықтың маңызын айқындай түсті. Сонымен қатар, ұлттық киімдер шеруі ұйымдастырылып, түрлі этностардың мәдени ерекшеліктері таныстырылды.
Көрермендер мерекелік кеш барысында этномәдени бірлестіктердің өнеріне ерекше қошемет көрсетіп, Қазақстан халқының татулығы мен ауызбіршілігін айшықтайтын әсерлі қойылымдарды зор ықыласпен тамашалады.
Шара барысында балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары, спорттық жарыстар, шығармашылық байқаулар мен интерактивті алаңдар ұйымдастырылды. Балғындар сурет салу, қолөнер жасау, ұлттық ойындар ойнау арқылы мерекелік көңіл-күйге бөленді.
Мерекелік іс-шарада жастар ұйымдары мен еріктілер қозғалысының өкілдері де белсенділік танытып, қоғамдық келісім мен достықты насихаттауға бағытталған арнайы акциялар өткізді.
Айта кету керек, өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Қызылорда қаласында Қазатомөнеркәсіп ұлттық атом компаниясының демеушілігімен «Достық үйі» ғимаратының іргетасы қаланған болатын.
Аймақ басшылығының қолдауымен биыл жаңа нысан пайдалануға беріліп, онда V Ұлттық құрылтай өткізілді. Бұл маңызды шара өңірдің қоғамдық-саяси және рухани өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды.
Бүгінде «Достық үйі» қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған бастамаларды жүзеге асыратын маңызды рухани-мәдени орталық ретінде жұмыс істеуде. Мұнда этномәдени бірлестіктердің кездесулері, мәдени шаралар, жастар жобалары мен қоғамдық бастамалар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Жалпы, Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік іс-шара Сыр өңіріндегі татулық пен ынтымақтың, достық пен өзара сыйластықтың жарқын көрінісіне айналды. Ел бірлігін ұлықтаған тағылымды мереке тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қоғамдық келісім мен бейбітшіліктің маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті.
Шара соңында қала тұрғындары мен қонақтары ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, ел ішіндегі бірлік пен татулықтың әрдайым нығая беруіне тілектестік танытты.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







