Қызылордада жағажайда жағдай оңала ма?
Қызылорданың аптап ыстығы басталды. Бірақ аудандар түгілі, облыс орталығында талапқа сай халыққа қызмет көрсететін бір жағажай жоқ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қызылорда облысында аптап ыстықтан шомылу маусымы басталып кетті. Алайда төрт жүз мыңдай тұрғыны бар шаһарда жалғыз ғана ресми жағажай жұмыс істейді. Ал демалушылардың көпшілігі Сырдария өзенінің кез-келген жерінде суға шомылып салқындауды дағдыға айналдырған. Өткен жылы осы кезеңде суға кетіп қаза болғандардың басым бөлігі балалар. Бұл қайғылы оқиғадан сабақ алып, сақтық жасауды ұмыттық. Өкініштісі, қайғылы оқиғалар биыл да қайталануда. Судағы қауіп-қатердің алдын алу үшін түсіндіру жұмыстары жүргізіп-ақ жүр. Әйтсе де, денесі судан табылып жатқан жандардың саны артуда. Себебі суға түсуге арналмаған орында шомылушылар жетерлік.
Шомылу маусымында қаламызда тіпті облыс көлемінде орналасқан жағажайды таппайсыз. Қала тұрғындары үшін қолайлы етіп, жасалынатын «ЭДЕЛЬВЕЙС» жағажайын экс-қала әкімі Қазантаев өзімен ала кетсе керек бүгінде көлеңкесі де көрінбейді. Ал жергілікті тұрғындар қала ішіндегі ақылы бассейндердің бағасы шарықтап, қалтаға едәуір салмақ салатынын айтып жиі шағымдануда. Расында «Аray Park» бассейіне мен жағажайына 3 адам үшін -17 мың теңге төледік деді желі қолданушысы.
«Арай АкваПаркке келгеніме өкіндім. Тазалық сақталмаған, бағалы заттарымызды қалдыратын жер жоқ. Айналаның бәрі лас, суда түсі өзгеріп кеткен»,- деп жазды.
Облыс аумағында суға шомылуға рұқсат етілген 2 жеке жағажай бар. Олар − қаладағы «Сыр самалы» және Белкөл кентіндегі «Абай» демалыс орны. Бұл нысандарға құтқарушылар да бөлінген. Алайда ағынды су болмаған соң сапасы сын көтермейді. Бағасы қалтаңды қағады. Талапқа сай жаңа жағажай қажет-ақ. Мамандар облыс көлемінде 4 коммуналдық жағажайдың қаулысы әзірленіп жатқанын өткен жылы атап өткен болатын. Алайда Сырдың жағасында тұрып, жағажайға зар болған қала халқы жаздыңгүні әбігерге түсетіні тағы бар.
Қызылордалықтар ауа температурасы түстен кейін 45 градустан асқан тұста ыстықтан әбден қиналатындарын айтады. Ал ыстықтан қорғану үшін өзен-көлдің жағасына барып тынығайын десе, орын жоқ. Себебі миллионға жуық тұрғыны бар бір облыста жөні түзу тек екі жағажай бар көрінеді. Ал жабайы жағажайға барып, суға түсуге тағы болмайды.
Сонымен, жауапты мамандардың айтуынша, жыр болған жаңа жағажайдың ашылмауына Эдельвейс саяжайындағы топырақ пен судың сапасыздығы себеп болған екен.
«Жағажайдан екі рет су сынамалары алынған болатын. Микробиологиялық көрсеткіштері талапқа сай болмады. Халықты түрлі аурулардан сақтау мақсатында жағажай іске қосылмады. Жергілікті атқарушы органнан тапсырыс түскен жағдайда біз тағы да толықтай зерттеп беруге дайынбыз", – деп мәлімдеді Қызылорда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары.
Аптап ыстықта балалардың жазғы уақытын тиімді пайдалану қала тұрғындары үшін қалтаға салмақ болары анық. Алайда күннің аптап ыстығымен демалудың өзі қиындап барады. Бой сергітіп қала орталығынан тегін жағажай бой көтерсе нұр үстіне нұр болары хақ.