ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНДА БОУЛИНГ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

1 504

Қазалы ауданында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып, тұрғындарға арналған жаңа әлеуметтік және ойын-сауық нысандарының қатары артып келеді. Соның бір дәлелі ретінде аудан орталығында заманауи «Нұрдәулет» боулинг орталығының ашылу рәсімі өтті. Жаңа кәсіпкерлік нысанның іске қосылуы аудан тұрғындары үшін ерекше жаңалыққа айналып, көпшілік тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.

Салтанатты шараға аудан басшылығы, кәсіпкерлер, аудан тұрғындары мен жастар қатысты. Ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі өңірдегі кәсіпкерлік саласының даму қарқынына тоқталып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде ауданда жаңа жобалардың жүзеге асып жатқанын атап өтті.

– Бүгінде өңірімізде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше қолдауымен кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Қазыналы Қазалы ауданында да кәсіпкерлік бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілуде. Бұл – мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың және кәсіпкерлердің белсенділігінің нәтижесі. Өткен жылы ауданда тамақтану орындары, мейрамханалар, сауда орындары, көлік жуу орындары секілді 32 жаңа кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, 80-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал биылдың өзінде 5 кәсіпкерлік нысан ашылып, 20-ға жуық тұрғын жұмыспен қамтылып отыр, – деді аудан әкімі. Сонымен қатар аудан басшысы соңғы жылдары аудан көлемінде пайдалануға берілген ірі кәсіпкерлік нысандарды атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін Қазалы ауданында жаңа қонақ үй ғимараты, «Мұқаш ата» сауда үйі, «Ривера» тамақтану орны, «Ақбота» кондитерлік өнімдері орталығы, «Ербол» тіс емханасы секілді нысандар халық игілігіне табысталған. Енді міне, олардың қатарына «Нұрдәулет» боулинг орталығы қосылып отыр.

Аудан әкімі жаңа кәсіп нысанын ашып, ел игілігіне ұсынып отырған кәсіпкер Самат Серікұлына алғыс білдіріп, оның бастамасы аудан жастары мен тұрғындары үшін маңызды екенін атап өтті. Сонымен бірге кәсіпкерге алдағы жұмысына сәттілік тілеп, кәсіптің берекелі болуына ниет білдірді. Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін кәсіпкер Самат Қуанышқа аудан әкімінің арнайы «Алғыс хаты» табысталды. Бұл марапат кәсіпкердің аудан дамуына қосқан үлесін бағалау әрі оның еңбегіне көрсетілген құрмет болды.

Мұнан кейін сөз алған кәсіпкердің әкесі Серік Майлыбай жиналған көпшілікке ризашылығын білдіріп, жаңа орталықтың халыққа сапалы қызмет көрсетуге бағытталғанын жеткізді. Ол аудан тұрғындарының қолдауы кәсіпкерлер үшін үлкен мотивация екенін атап өтті. Салтанатты рәсім барысында аудан басшылығы мен қонақтар жаңа орталықтың лентасын қиып, нысанның жұмысымен танысты. Қонақтар боулинг орталығындағы заманауи жабдықтарды, келушілерге жасалған қолайлы жағдайларды көріп, жоғары бағаларын берді. Айта кету керек, жалпы құны 60 миллион теңгені құрайтын «Нұрдәулет» боулинг орталығы жеке кәсіпкер Самат Серікұлының жеке қаражаты есебінен салынған. Заманауи ойын-сауық орталығы бір мезетте 70-ке жуық адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне және жастардың мәдени демалысын ұйымдастыруға үлкен мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар жаңа орталықта 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарын жұмыспен қамту көрсеткішін арттыруға да үлес қосуда. Жаңа нысанның басты ерекшелігі – оның аудан көлеміндегі ғана емес, облыс деңгейіндегі ерекше жобалардың бірі саналуы. Қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша толыққанды боулинг орталығы дәл осындай форматта Қазалы ауданында ғана жұмысын бастауда. Бұған дейін өзге аудандарда да осындай нысандар ашылғанымен, уақыт өте олардың жұмысы тоқтап қалған. Ал «Нұрдәулет» боулинг орталығы заман талабына сай жаңа форматта ашылып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді мақсат етіп отыр. Мамандардың айтуынша, мұндай ойын-сауық орталықтары аудан тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастыруда маңызды рөл атқарады. Әсіресе жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап, салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл нысан ауданның кәсіпкерлік әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді. Соңғы жылдары Қазалы ауданында кәсіпкерлікті қолдау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, жаңа жобаларды қолдау және инфрақұрылым мәселелерін шешу бағытында жүйелі шаралар қабылдануда. Нәтижесінде ауданда жаңа кәсіпкерлік нысандары көбейіп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы артып келеді.

«Нұрдәулет» боулинг орталығының ашылуы – Қазалы ауданындағы кәсіпкерліктің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын айқын көрсетеді. Бұл жоба кәсіпкерлердің заман талабына сай тың идеяларды жүзеге асыруға дайын екенін дәлелдейді. Сонымен қатар, аудан экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына оң әсер етеді. Жиын соңында аудан тұрғындары жаңа нысанның ашылуына қуаныштарын білдіріп, кәсіпкерге сәттілік тіледі. Көпшілік мұндай заманауи орталықтардың жастар үшін өте қажет екенін айтып, оның ауданның мәдени-әлеуметтік өміріне серпін беретініне сенім білдірді.

Жалпы, «Нұрдәулет» боулинг орталығының ашылуы – Қазалы ауданындағы кәсіпкерлік саласының қарқынды дамуының және өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымның кеңейіп келе жатқанының нақты көрінісі.