Облыс әкімінің қатысумен қылмыстық атқару жүйесінің мәселелері қаралды
ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен қылмыстық атқару жүйесінің өзекті мәселелері қаралған кеңес отырысы өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Отырысқа орталық мемлекеттік органдар өкілдерімен қатар, облыс әкімдері селекторлық режим арқылы қатысты. Қызылорда облысы атынан өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев онлайн форматта қатысып, аймақта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Кеңес барысында қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру, пробация қызметін нығайту, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды қоғамға бейімдеу және әлеуметтік қолдауға алу бағытындағы өзекті мәселелер қозғалды.
Қайта әлеуметтендіру – қоғам қауіпсіздігінің маңызды тетігі
Аймақта пробация қызметін жетілдіру және сотталғандарды әлеуметтік оңалту бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Әлеуметтік осал топтар қатарына жататын бұл санаттағы азаматтарды қоғамға бейімдеу үшін жұмыспен қамту, психологиялық және құқықтық қолдау, тұрғын үй және әлеуметтік көмек көрсету механизмдері кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Атап айтқанда, ағымдағы жылы қайта әлеуметтендіру мен еңбекке тарту мақсатында 92 адамға арналған квота толық игеріліп, босатылған азаматтарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасалды. Жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік емес ұйымдардың өзара әріптестігі арқылы бірнеше әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып, нақты нәтижелерге қол жеткізілді.
Жұмыспен қамту және кәсіпкерлік қолдау – негізгі басымдық
Қызылорда облысында жұмыссыз ретінде тіркелген 325 адамның 213-і тұрақты, 49-ы уақытша жұмыс орындарына орналастырылды. Бұл – қоғамнан шеттетілген азаматтарды қайта әлеуметтендіру және олардың өмірге бейімделуін қамтамасыз етудегі нақты қадамдардың бірі.
Сонымен қатар, «Бастау Бизнес» жобасы аясында 31 азаматқа жалпы сомасы 48,6 млн теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беріліп, өз ісін бастауға мүмкіндік жасалды. Бұл көрсеткіш – жазасын өтеп шыққан азаматтардың қоғамға толыққанды мүше болып оралуына, өзін-өзі жұмыспен қамтуына жағдай жасайтын тиімді құрал болып отыр.
Әлеуметтік қолдау шаралары жалғасуда
2025 жылдың өзінде 23 отбасы атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылып, тұрмыстық жағдайы төмен азаматтарға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілді. Бұдан бөлек, 124 адамға қайырымдылық көмегі ұйымдастырылып, жергілікті бюджет есебінен 184 азаматқа біржолғы әлеуметтік көмек берілді.
Қоғамға қайта бейімделіп жатқан азаматтармен жұмыс жүргізу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені белгілі. Бұл ретте жергілікті билік пен үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен жұмысы оң нәтиже беруде.
Қылмыстық атқару жүйесіндегі серпінді өзгерістер – ұлттық қауіпсіздік кепілі
Айта кету керек, қылмыстық-атқару жүйесін реформалау – мемлекет дамуы мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан азаматтарға мүмкіндік беру арқылы олардың қайта қылмысқа бару ықтималдығы төмендейді, ал бұл өз кезегінде қылмыстың жалпы деңгейін азайтуға септігін тигізеді.
Кеңес қорытындысында Айбек Дәдебай әр өңірде бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, пилоттық жобаларды кеңейту, цифрлық бақылау және пробация жүйесін автоматтандыру мәселелері де көтерілді.
Қызылорда облысында пробация қызметі мен қайта әлеуметтендіру тетіктерін жетілдіруге бағытталған нақты іс-шаралар оң нәтиже беруде. Бұл – әлеуметтік әділеттілік пен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды бағыттардың бірі.