ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІН ДАМЫТУ ЖОБАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІН ДАМЫТУ ЖОБАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев Сыр өңіріне арнайы келген танымал тревел-блогер Дастан Мұхамедрахымды қабылдады. Кездесу барысында өңірдің туристік әлеуетін арттыру, тарихи-мәдени мұраларды кеңінен насихаттау, халықаралық деңгейдегі туристік бағыттарды дамыту және цифрлық ақпараттық платформалар арқылы Қызылорда облысының туристік мүмкіндіктерін әлемге таныту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кездесуге туризм саласына жауапты басқарма өкілдері, мәдениет саласының мамандары, өңірдің туристік индустриясының өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты.
Аймақ басшысы құрметті қонақты қарсы алып, Сыр өңірінің тарихи, мәдени және табиғи ерекшеліктеріне тоқталды.
– Ең алдымен, тарихы терең, бірлігі бекем Сыр өңіріне қош келдіңіз! Қызылорда облысы – қазақ өркениетінің алтын бесіктерінің бірі. Бұл қасиетті өлкеде мыңжылдықтар қойнауынан сыр шертетін тарихи орындар, ұлы тұлғалардың ізі қалған киелі мекендер, әлемдік деңгейдегі мәдени мұра нысандары орналасқан. Сыр бойындағы көне қалалар мен археологиялық ескерткіштер Ұлы Жібек жолының бай тарихын дәлелдейді. Сонымен қатар өңіріміздің табиғи ерекшеліктері мен қайталанбас ландшафттары саяхатшылар үшін ерекше қызығушылық тудырады.
Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің туристік әлеуетін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте Қызылорда облысы да тарихи-мәдени мұраларды сақтау және туризм индустриясын дамыту бағытында нақты жобаларды жүзеге асырып келеді. Сіз сияқты саяхатшылар мен блогерлердің еңбегі өңіріміздің туристік мүмкіндіктерін кеңінен танытуға үлкен үлес қосады. Сондықтан Сыр өңірінің тарихи орындарына ерекше қызығушылық танытып, оларды әлемдік аудиторияға таныстырып жүргеніңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Кездесу барысында өңірде туризмді дамыту бағытында қолға алынған ірі жобалар туралы кеңінен айтылды.![]()
Бүгінде Қазақстанның республикалық туристік картасына Қызылорда облысынан бірнеше маңызды туристік нысан енгізілген. Олардың қатарында әлемдік маңызы бар «Байқоңыр» ғарыш айлағы, ортағасырлық өркениеттің көрнекті ескерткіші саналатын «Сығанақ» қалашығы және халықаралық деңгейдегі бірегей бастама – «Geopark Aral» жобасы бар.
«Байқоңыр» ғарыш айлағы – әлемдегі тұңғыш әрі ең ірі ғарыш айлағы ретінде халықаралық туристердің қызығушылығын тудыратын ерекше нысан. Жыл сайын мұнда көптеген шетелдік қонақтар келіп, ғарыштық ұшырылымдарды тамашалайды. Ғарыш туризмі өңірдің туристік брендін қалыптастыруда маңызды рөл атқаруда.
Ал ежелгі Сығанақ қалашығы қазақ мемлекеттілігінің тарихымен тығыз байланысты. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде бұл қаланың орта ғасырлардағы ірі саяси, мәдени және сауда орталығы болғаны дәлелденген.
Соңғы жылдары ерекше назар аударылып отырған жобалардың бірі – «Geopark Aral». Бұл жоба Арал өңірінің экологиялық тарихын, геологиялық ерекшеліктерін және табиғи мұрасын халықаралық деңгейде танытуға бағытталған. Болашақта аталған жоба өңірдің экологиялық және ғылыми туризмінің дамуына серпін береді деп күтілуде.
Кездесуде облыстың өңірлік деңгейдегі маңызды туристік бағыттары да кеңінен талқыланды.
Олардың қатарында табиғаттың ерекше сыйы саналатын Ханқожа көлі бар. Бұл көл өзінің көркем табиғатымен, тыныш атмосферасымен және экологиялық ерекшеліктерімен туристердің қызығушылығын арттырып келеді.
Сондай-ақ әлемге танымал Қорқыт ата мемориалдық кешені өңірдің басты рухани және туристік орталықтарының бірі болып саналады. Ұлы ойшыл, қобыз өнерінің атасы Қорқыт бабаға арналған кешенге жыл сайын мыңдаған турист пен зияратшы келеді.
Жиын барысында Қамыстыбас көлінің курорттық аймағын дамыту перспективалары сөз болды. Табиғи ерекшеліктері мен қолайлы климаттық жағдайлары бұл аумақты ішкі туризмнің маңызды орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Жаңақорған ауданының емдік қасиетімен танымал балшық курорттары туралы да айтылды. Бұл шипалы орындар денсаулық туризмін дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырып отыр.
Туристік әлеуеті жоғары нысандар қатарында Сауысқандық шатқалындағы петроглифтер де бар. Ғалымдардың пікірінше, бұл көне жартас суреттері ежелгі адамдардың дүниетанымы мен мәдениетін көрсететін құнды мұралардың бірі саналады.
Ортағасырлық Жанкент қалашығы да өңірдің маңызды тарихи ескерткіштерінің бірі ретінде туристердің қызығушылығын арттыруда. Археологиялық зерттеулер барысында бұл жерден көптеген тарихи жәдігерлер табылған.
Сондай-ақ Ақтас мешіті, Хорасан ата, Оқшы ата және Марал ишан кесенелері діни-рухани туризм бағытындағы маңызды нысандар ретінде ерекшеленеді. Бұл қасиетті орындарға еліміздің әр өңірінен және шетелден келетін зияратшылар саны жыл сайын артып келеді.
Кездесу барысында туристік инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері де көтерілді. Атап айтқанда, туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеу, ақпараттық белгілер орнату, сервистік қызмет сапасын арттыру және цифрлық гид жүйелерін енгізу бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Облыс әкімі туризм саласының өңір экономикасын дамытудағы рөліне ерекше тоқталды.
– Туризм тек мәдени мұраны насихаттайтын сала ғана емес, ол жаңа жұмыс орындарын ашатын, кәсіпкерлікті дамытатын және инвестиция тартатын маңызды экономикалық бағыт. Сондықтан біз туристік инфрақұрылымды жетілдіруге және жаңа туристік өнімдерді қалыптастыруға басымдық беріп отырмыз, – деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде Дастан Мұхамедрахым Қызылорда облысының тарихи және табиғи әлеуетіне жоғары баға беріп, өңір тұрғындарының қонақжайлығына ризашылығын білдірді.
– Сыр өңірі – Қазақстандағы ерекше туристік бағыттардың бірі. Мұнда көне тарих, бай мәдени мұра және бірегей табиғат үйлесім тапқан. Соңғы күндері аралаған нысандарымыздың барлығы үлкен әсер қалдырды. Бұл өңірдің туристік мүмкіндігі өте жоғары. Алдағы уақытта Қызылорда облысының тарихи орындарын, мәдени құндылықтарын және табиғи ерекшеліктерін кеңінен насихаттауға бағытталған жобаларды жүзеге асруға дайынмын, – деді ол.
Кездесу соңында облыс әкімі құрметті қонаққа қазақ халқының дәстүріне сай сый-сияпат табыстап, алдағы шығармашылық жұмыстарына табыс тіледі.
Айта кетейік, жуырда әлемге танымал тревел-блогерлер Қызылорда қаласына арнайы келіп, қайта жаңғыртылған Президент саябағын аралаған болатын. Олар қаланың заманауи келбетімен танысып, демалыс аймағындағы инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді жоғары бағалады.
Сонымен қатар блогерлер Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешеніне барып, тарихи-мәдени мұралармен танысты. Бұдан бөлек, әлемдік деңгейдегі ерекше нысан саналатын Байқоңыр ғарыш айлағында түсірілім жүргізіп, халықаралық аудиторияға арналған арнайы контент әзірледі.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында туризм саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Туристік инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа туристік маршруттар қалыптастыру, халықаралық деңгейдегі жобаларды іске асыру және инвесторларды тарту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылы облысқа 212,3 мың турист келген. Оның ішінде 199,8 мың адам ішкі турист болса, 12,5 мың адам шетелдік турист ретінде тіркелген. Бұл көрсеткіш өңірге деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді.
Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі де айтарлықтай өскен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 54,4 миллиард теңгені құрап, жаңа туристік жобаларды іске асыруға мүмкіндік берді.
Алдағы уақытта Қызылорда облысында тарихи-мәдени мұраларды сақтау, экологиялық туризмді дамыту, халықаралық туристік маршруттарға қосылу және сервистік қызмет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасады. Бұл өңірдің туристік әлеуетін толық ашуға және Сыр өңірін халықаралық деңгейдегі тартымды туристік бағыттардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







