Қызылордада «Қайсар Арена» Чемпиондар лигасы мен Еуропа чемпионатын өткізуге рұқсат алды
Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы Қызылордадағы "Қайсар Арена" стадионын жоғары бағалады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Осылайша, аталмыш алаң ресми түрде УЕФА-ның ең жоғары-төртінші санатына ие болды. Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, 2026 жылдың сәуір айында аренаға УЕФА-ның стадиондар инфрақұрылымы жөніндегі өкілі Скотт Струзерс инспекциялық сапармен келген. Онда сарапшы нысанмен егжей-тегжейлі танысып, стадионның УЕФА-ның стадиондар инфрақұрылымы жөніндегі регламентіне сәйкестігін бағалаған.
Тексеру нәтижесі мен есептерді талдау қорытындысы бойынша УЕФА "Қайсар Аренаға" ең жоғары төртінші санат берген. Енді Қызылорда стадионы ең жоғары деңгейдегі халықаралық матчтарды, соның ішінде Қазақстан ұлттық құрамасының Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі және Ұлттар лигасындағы ойындарын, сондай-ақ еурокубок турнирлері – Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы және Конференция лигасының іріктеу әрі негізгі кезеңдерін қабылдауға толық дайын. Бұл санатты алу аймақтың спорттық инфрақұрылымын дамытудағы және еліміздегі халықаралық футбол кездесулерінің географиясын кеңейтудегі маңызды қадам болды.







