Қызылордада күріш бағасының ең арзаны 500 теңгеге бағалануда
Сыр өңірінде күріш бағасы 20-30%-ға қымбаттады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап.
Күріш бағасы неліктен шарықтап кеткенін базардағы саудагерлер де түсінбей әлек. Олардың айтуынша, азық-түліктің қымбаттауына байланысты тұрғындар да күріш сатып алуды азайтқан.
Ал күріш өңдеу қауымдастығының өкілдері керісінше күзде өнімнің өзіндік құнын төмендететіндерін айтады. Өйткені шаруалар жиналған дақылды тез арада сатуға тырысады. Оның үстіне қазір елімізге өзге мемлекеттерден де күріш келіп жатқандықтан, бағаны 20 пайызға дейін арзандатуға мәжбүрміз деп отыр. Алайда өндірушіден базар сөрелеріне жеткенше арадағы делдалдар күрішті қымбаттатып жібереді", - деді сатушы Күлшай Жарылқапова.
Ал күріш өңдеу және өндіру қауымдастығының өкілі базардағы сатушыға мынадай бағада сат деп бұйрық бере алмайтынын айтты.
Бір қызығы сауда министрлігінің өкілдері нарықтағы бағаның қандай өзгеріске ұшырағанынан хабарсыз болып шықты. Олардың айтуынша, арыз-шағым болмаса, базар аралап бағаны бақылау міндеттеріне кірмейді.
"Заңға байланысты бізде профилактикалық бақылау бар, сосын тұтынушылардың арызына байланысты тексереміз. Мысалы бір жерде өсіп бара жатқан бағаны сұрауға құқымыз жоқ. Біреуден арыз түссе ғана барып тексереміз", - деді Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов.
Қауымдастық өкілдері су тапшылығына қарамастан биыл егін бітік шықты деп отыр. Яғни Қызылорданың күрішімен елімізді толық қамтып, тіпті экспорттауға да мүмкіндік бар. Бірақ жиі құбылатын жанармай бағасына байланысты өнімнің алдағы уақытта қанша теңгеге дейін қымбаттайтынын болжай алмаймыз деді мамандар.