Қызылордада «Достық үйі» жаңа ғимаратының құрылысы қарқынды жүріп жатыр
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаланың әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызды нысан – «Достық үйі» жаңа ғимаратының құрылыс барысымен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аталмыш жобаны бас мердігер «Астана Сервис LTD» серіктестігі жүзеге асыруда. Жалпы құны 3 млрд 545 млн теңге болатын құрылыс жұмыстары 2025 жылдың сәуір айында басталған. Құрылысты жыл соңына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Үш қабатты ғимараттың жалпы аумағы 3912,29 шаршы метрді құрайды. Бірінші қабат ашық кеңістік (open space) форматында жобаланған. Мұнда түрлі форумдар, лекциялар, көрмелер мен концерттер өткізуге арналған көпфункционалды залдар орналастырылады. Ал екінші және үшінші қабаттарда облыстық этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдарға арналған кеңселер мен қызметтік бөлмелер қарастырылған.
Аймақ басшысы нысандағы жұмыстардың сапасы мен мерзімін ерекше назарда ұстау қажеттігін атап өтті.
Өңірдегі мәдени жобалар
Соңғы жылдары Қызылорда облысында мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2022 жылдан бері өңірде 15 жаңа мәдениет нысаны салынды. Барлық 7 ауданда жалпы құны 11 млрд 500 млн теңгеге жуық «Руханият орталықтары» пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты мен облыстық тарихи-өлкетану музейі бой көтерді.
Өткен жылы мәдениет қызметкерлерін қолдау мақсатында алғаш рет 40 қызметтік пәтерден тұратын көпқабатты тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Бұл бастама – мәдениет саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Жаңа «Достық үйі» – өңірдегі этносаралық татулық пен мәдени бірлікті нығайтатын, заманауи талаптарға сай әлеуметтік нысан. Бұл жоба Қызылорданың мәдени өмірін жаңа деңгейге көтеріп, халықтың рухани дамуына серпін бермек.







