Қармақшы ауданында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда

2 555

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіҚармақшыда кәсіпкерлік қарқын алып келеді: аудан әкімі нақты деректермен бөлісті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Қармақшы ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр. Бұл жөнінде аудан әкімі Жандос Еркінбек Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Аудан басшысының айтуынша, 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін Қармақшы ауданында 3205 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл – аудандағы іскерлік белсенділіктің артып келе жатқанын айғақтайтын нақты көрсеткіш. Жыл сайын бизнеске бет бұрған азаматтардың қатары көбейіп, өз кәсібін ашуға деген ынта артқан.

2024 жылдың басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында 33 жоба қаржылай қолдауға ие болған. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, өндіріс, сауда және басқа да салаларды қамтиды. Жандос Еркінбек бұл – мемлекет пен жергілікті биліктің кәсіпкерлерге жасаған нақты қолдауы екенін атап өтті.

Жаңа бизнес-идеяларды қолдау бағытында да нақты қадамдар жасалуда. Аудан әкімінің мәліметінше, әлеуметтік осал топтарға кәсіп ашуға мүмкіндік беру мақсатында Байқоңыр қаласынан 11 адамға, ал Қармақшы ауданынан 37 адамға қайтарымсыз мемлекеттік грант беру мақұлданған. Бұл шаралар аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға өз кәсібін бастауға жол ашып отыр.

Кәсіпкерлік саласындағы белсенділік жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етуде. Қаржылай қолдау тапқан жобалардың дені ауылдық жерлерде іске асып, жергілікті тұрғындардың тұрақты табыс көзіне айналуда.

– Кәсіпкерлік – ел экономикасының тірегі. Біз үшін басты мақсат – тұрғындардың өз ісін бастауына мүмкіндік беру, экономикалық белсенділікті арттыру және аудан халқының табысын көтеру. Осы бағытта жүйелі жұмыстар жалғаса береді, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы.

Қармақшы ауданында кәсіпкерлікті дамыту – тек экономикалық өсім ғана емес, әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды стратегиялық бастама. Мемлекеттік бағдарламалар, гранттар мен қаржылай қолдаулар арқылы кәсіп ашқысы келетін әрбір азаматқа жол ашылуда.