Нұрлыбек Нәлібаев егін жинау мен жылу беру маусымының барысын пысықтады
2025 жылғы 2 қазанда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен егін жинау науқанының барысы туралы Үкімет отырысы өтті. Жиынға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режимде қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы облыстағы егін жинау жұмыстары мен жылу беру маусымына дайындықты саралап, жауапты сала басшыларымен арнайы жиын өткізді.
Егін жинау жұмыстары қатаң бақылауда
Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы биылғы вегетациялық кезеңнің ерекше күрделілігін атап өтті. Алайда, Мемлекет басшысы мен Үкіметтіңқолдауымен көршілес мемлекеттермен су жеткізу мәселесі бойынша келіссөздер табысты жүргізіліп, нақты шаралар қабылданғанын айтты.
Облыс бойынша күзгі егін жинау жұмыстарына 10 400 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген, оның ішінде 5 500 тоннасы жеткізілді. Дегенмен, шаруашылықтардың отын сатып алу көрсеткіші төмен деңгейде қалып отыр. Осыған байланысты, әкімдік тарапынан қатаң бақылау орнатылып, қыста толық есептесу мен бөлінген көлемді толық игеру тапсырылды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес күріш егісін кезең-кезеңімен оңтайландыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, егіс алқаптарын әртараптандыру қажеттілігі атап өтілді.
Жылу маусымына дайындық – басты міндет
Жиында 2025–2026 жылдардың жылу беру маусымына дайындық барысы да жан-жақты қаралды. Облыс әкімі көмір жеткізу жұмыстарының баяу жүріп жатқанын сынға алып, шұғыл түрде нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар, әлеуметтік нысандардың (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, жұмыспен қамту мекемелері) толық дайын болуы үшін 25 қыркүйекке дейін дайындық паспорттарын алу, қазандықтарды әзірлеу, отын қорын жинақтау тапсырылды.
Вокзал инфрақұрылымын жақсарту мәселесі де көтерілді
Жиын барысында облыс аумағындағы вокзалдар мен теміржол инфрақұрылымдарының жағдайы да назарға алынды. Барлық жөндеу жұмыстарының қауіпсіздік талаптарына сай, жинақы және белгіленген тәртіпке сәйкес жүргізілуі қажеттігі ескертілді.
Жиын соңында облыс әкімі жауапты сала басшылары мен әкімдерге нақты тапсырмалар беріп, әр бағыт бойынша жұмыс қарқынын күшейтуді талап етті. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауларды тиімді пайдалана отырып, егін жинау жұмыстарын мерзімінде аяқтау және жылу беру маусымына толық дайын болу – күн тәртібіндегі басты міндет екені атап өтілді.