Аягөз қаласының экс-әкімі соттағы соңғы сөзінде не деді
Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласының бұрынғы әкімі Қуаныш Азыханов сотта соңғы сөзін айтып, өзін ақтауды талап етті. Өзін жаланың құрбанымын деген экс-басшы "Абай жолы" романы эпопеясынан үзінді келтірді.
9 ай тергеу абақтысында отырған Азыханов тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді. 60 жастан асқанда істі болған басшы өзін жаланың құрбанымын деп есептейді.
"Кінәмді дәлелдей аламайтындарына сенімдімін, себебі арым таза, мен қылмыс жасағаным жоқ. Қылмыстық материалдардағы мәтіндер бірыңғай жала, маған арандатушылық қылмысы жасалған. 30 жылымды елге қызмет етуге арнадым. Бұл істердің бәрін маған Семей өңірі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері ұйымдастырған. Қазір олардың өздерінің үстінен тергеу жүріп жатыр", - деді сот залында Қуаныш Азыханов.
Тергеу құжаттарында Азыхановтың кәсіпкерден 1 млн 200 мың теңге пара алғаны айтылған. Қаланың бұрынғы басшысы 2020 жылдың 17 қыркүйегінде соттың санкциясымен қамауға алынды. Әкімнің үстінен арызданған адам – өзінің дастархандас, бірге қызмет жасап жүрген танысы Кенен Алпысбаев.
Кенен Алпысбаев басқаратын аудандық мәдениет үйіне "Көркем" жөндеу жұмыстарын жүргізген. Ол компанияның иесі әкімді мүлдем көрмегенін айтқанымен, әлгі директор кәсіпкерден алған ақшаны екі бөліп әкелген. Тергеушілер параны экс-әкім делдал арқылы алды деп санайды. 9 айға созылған даулы іс соңына жетсе де, Азыханов өзіне тағылаған айыпты мүлдем мойындамай, ақшаны өзіне салынған 8 миллион теңге айыппұлды өтеу үшін қарызға сұрағанын қайталады.
"Абай жолы" романында Құнанбайдың Қодар мен Қамқаны нақты дәлелденбеген қылмыстары үшін жауапқа тартып, өлім жазасына кеседі. Өсек арқылы жала жабады. Ол заман 19-ғасыр еді, қазір біз 21 ғасырдамыз. Айырмашылық жоқ, сол жала жабу құрбандары қазірде көп. Баласы қайтыс болған Қодар келіні екеуі туралы өсекті естігенде күйініп, "Құдай-ау, қылдың ғой маған қылмағанды. Кәпір болып кетсемде мен де қылармын саған", - дейтін жері бар. Кәпір болып кетсем де, мен де соңына дейін барамын. Қазір де прокурорлар істемеген қылмыс үшін маған жаза сұрап отыр. Қобалжып отырғаным жоқ. Ақталатын сияқтымын. Мұнда ақталмасам, облыстық сотта, болмаса Жоғары сотта ақталамын", - деді Аягөз қаласының бұрынғы әкімі.
Прокурор Ғасырбек Баяхматбаев Аягөз қаласын екі жыл басқарған бұрынғы әкімді 5 жылға қамауды сұрады. Қант диабетіне ұшырап, қан қысымы ауруына шалдыққан экс-әкімге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлімі бойынша айып тағылған. Шенеуніктің сөзінше, қомақты ақшаны өзін соттап жатқан судьялар салған.
Егер сот Азыхановтың қылмысы дәлелденді деп тапса, мүлкі тәркіленіп, параның алпыс еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салынуы немесе үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруы мүмкін. Оның ісін Аягөз қаласының үш судьясы кезекпен қарап, соңғы үкімді Медет Рахатаев 26 мамыр күні шығаратын болды.