Қызылордада карантин талабын бұзғандарға 11 млн теңге айыппұл салынды
Қызылорда облысында карантин талабын бұзу дерегінің басым бөлігі өңір орталығында тіркелген.
Қызылорда облысында карантиндік шектеу шаралары белгіленген. Алайда аталған талап тұрғындар тарапынан толықтай орындалмауда.
Талаптарының сақталуын бақылап отырған 45 мониторингтік топтар жыл басынан бері рейдтік тексерісі арқылы 1904 нысанды қамтыған. Соның нәтижесінде 137 карантин талаптарын бұзушылық анықталған. Оларға жалпы сомасы 11 576 735 теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.
Анықталған бұзушылықтардың басым бөлігі Қызылорда қаласының үлесіне тиеді, мұнда осындай 45 жағдай болған. Одан кейінгі орындардағы Қармақшыда - 28, Аралда - 18 карантин талабын бұзу тіркелген.
"Карантин талаптарының көпшілгі халыққа қызмет көрсету орындарында болады. Әсіресе, ол қоғамдық тамақтану орындарында тіркелуде. Бүгінгі күні 74 карантин талабын бұзушылық сол нысандарының үлесінде. Атап айтқанда, кейбір орындарда персонал келушілерге жеке қорғаныш құралынсыз қызмет көрсеткен, караокелер мен кальяндар жұмыс жасаған. Ғимараттың толымдылығы 30 пайыздан аспауы қажет болса да, келушілердің санына шектеу қойылмаған. Қызметіне тыйым салынса да компьютерлік клубтар жұмыс жасаған. Кей нысандар өздерінің ашылуына орай тегін тамақ таратып, адамдардың жаппай жиналып, карантин талаптарының сақталмауына себепші болған", - делінген облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.