ҚАРМАҚШЫДА КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
ҚАРМАҚШЫДА КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен кезекті мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен жауапты мекеме өкілдері қатысты. Күн тәртібінде көктемгі дала жұмыстарының барысы, егіс көлемдерін орналастыру, су жеткізу мәселелері, жүгері егу жоспарының орындалуы және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар жан-жақты қаралды.
Мәжіліс барысында аудан бойынша 2026 жылғы көктемгі егіс науқанының дайындық деңгейі мен қазіргі жағдайы туралы жауапты сала басшыларының баяндамалары тыңдалды. Ауыл шаруашылығы саласының мамандары биылғы маусымда атқарылатын жұмыстардың жоспарын таныстырып, су тапшылығы жағдайында егін шаруашылығын тиімді ұйымдастыру бағытында қолға алынған шаралар жөнінде мәлімет берді.
Аудан әкімі Жандос Еркінбек көктемгі егіс жұмыстары аудан экономикасы үшін аса маңызды екенін атап өтіп, бұл
бағыттағы жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындау басты міндет екенін жеткізді.
– Біздің аудан үшін ауыл шаруашылығы, әсіресе егін шаруашылығы – негізгі тірек салалардың бірі. Сондықтан көктемгі дала жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылуы тиіс. Әр гектар жер тиімді пайдаланылып, әрбір жұмыс нақты жоспармен жүргізілуі қажет, – деді аудан басшысы.
Биыл аудан бойынша жалпы 24 057 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланып отыр. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш көлемі 10 700 гектарды құрайды. Сонымен қатар су тапшылығына байланысты суды аз қажет ететін дақылдардың үлесін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Жиында жүгері егісінің көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар кеңінен талқыланды. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары климаттық өзгерістер мен су тапшылығы мәселесі егін құрылымын қайта қарауды талап етуде. Осыған байланысты су үнемдеу технологияларын енгізу және баламалы дақылдарды көбейту – уақыт талабы.
Аудан әкімі аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөліміне жүгері егу жоспарының толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Су тапшылығы жағдайында біз суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беруіміз керек. Бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтиже беруі тиіс. Әсіресе жүгері егу көлемін арттыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі, – деді Жандос Еркінбек.
Мәжілісте тұрғындардың бақша өнімдерін егу мәселесі де кеңінен сөз болды. Ауыл тұрғындарының қосалқы шаруашылықтарын дамыту, халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету және жерді тиімді пайдалану мақсатында бақша егу жұмыстарын ұйымдастыру қажеттігі айтылды.
Осыған байланысты жауапты мекемелерге тұрғындарға жер жырту, техникамен қамтамасыз ету, су жеткізу және қажетті ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіру тапсырылды. Сонымен қатар ауылдық округ әкімдеріне бақша егу науқанына тұрақты бақылау жүргізу міндеттелді.
Жиында егін шаруашылығындағы ең өзекті мәселелердің бірі – аяқ су жеткізу мәселесі де жан-жақты талқыланды. Су
арналарының техникалық жағдайы, каналдардың тазалануы және биылғы су көлеміне қатысты мәселелер көтерілді.
Жауапты сала мамандары қазіргі таңда су арналарына тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, су жеткізу жүйелерін ретке келтіру бойынша шаралар қабылданғанын мәлімдеді. Сонымен қатар су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында шаруашылықтар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Аудан басшысы су мәселесінің маңыздылығына тоқталып, әрбір тамшы суды үнемді пайдалану қажеттігін айтты.
– Су – стратегиялық ресурс. Сондықтан су жеткізу жүйесін реттеп, оны тиімді пайдалануымыз қажет. Әсіресе аяқ су мәселесіне ерекше назар аударылуы тиіс. Су арналарының тазалығы мен техникалық жағдайы қатаң бақылауда болуы керек, – деді аудан әкімі.
Мәжілісте су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Заманауи технологияларды пайдалану арқылы суды үнемдеп қана қоймай, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік бар екені айтылды.
Осыған байланысты шаруашылықтарға тамшылатып суару, лазерлік тегістеу, жаңбырлатып суару секілді заманауи әдістерді кезең-кезеңімен енгізу тапсырылды. Сонымен қатар бұл бағытта шаруаларға түсіндіру және тәжірибелік жұмыстар жүргізу қажеттігі де көтерілді.
Аудан әкімі көктемгі дала жұмыстарының барысы тұрақты бақылауда болатынын айтып, барлық жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.
– Әрбір ауылдық округ пен жауапты бөлім өзіне жүктелген міндетті сапалы орындауы тиіс. Егін егу науқаны – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Сондықтан барлық мәселе уақытылы шешіліп, жұмыстар үйлесімді жүргізілуі қажет, – деді аудан басшысы.
Мәжіліс қорытындысында тиісті бөлімдер мен кент және ауылдық округ әкімдеріне белгіленген жоспарға сәйкес жүгері егу жұмыстарын толық орындау, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жандандыру, су жеткізу жүйелерін ретке келтіру және көктемгі дала жұмыстарын сапалы ұйымдастыру бойынша хаттамалық тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар аудан әкімі барлық атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі тұрақты бақылауда болатынын ескертіп, жауапты мамандарға нақты межеленген міндеттердің уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Фото: Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі







