Қызылордада кино көргенің үшін миллион береміз деп алдаған күдіктілер ұсталды

2 539

Фото: magnific.comҚызылордада WornerBros қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған тұлға 5 жылға бас бостандығынан айырылған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі. 

Сот сондай-ақ жәбірленушілердің талап-арыздарын қанағаттандырып, 3 миллион USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті қалада WornerBros қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған тұлғаға қатысты сот үкімі шыққанын мәлімдеген.

Тергеу деректеріне сәйкес, ұйымдастырушы азаматтарды WornerBros платформасы арқылы қысқа бейнероликтер мен фильмдерді көргені үшін табыс табуға болады деген уәдемен қаржы пирамидасына тартқан. Қатысушылар рефералдық сілтеме арқылы тіркеліп, құны 10 мың теңгеден 11 миллион теңгеге дейінгі VIP-пакеттердің бірін сатып алған. Оларға күніне 735 мың теңгеге дейін табыс табу мүмкіндігі ұсынылған.

Сонымен қатар әрбір жаңа қатысушыны тартқаны үшін бонус төленіп отырған. Бұл жүйеге жаңа адамдарды үздіксіз тартуға ынталандырған. Қаржы пирамидасын насихаттау үшін WhatsApp топтары, әлеуметтік желілердегі жарнамалар және арнайы үгіт-насихат кездесулері пайдаланылған.

Тергеу барысында салымшылардың қаражатын жинақтау және аудару үшін қолданылған криптоәмияндар анықталған. Сот санкциясымен 3 миллион USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынған. Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Сондай-ақ 24 жәбірленушінің азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылған. Үкім заңды күшіне енген.