Қызылордада қызметкер аяғынан айырылған аттракциондар саябағы жұмысын уақытша тоқтатты
Қызылорда әкімдігі "Арай" саябағындағы аттракционда қызметкердің аяғын басып қалған оқиғаға қатысты мән-жайды айтты,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
Қызылорда облысының полиция департаменті еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.
Қызылорда әкімдігінің мәліметінше, оқиға болған “Арай” ойын-сауық саябағы жеке меншікте және оны жеке кәсіпкер басқарады. Оқиғаға байланысты тергеу жүріп жатқан кезеңде тек апат болған аттракционның ғана емес, бүкіл ойын-сауық саябағының жұмысы уақытша тоқтатылған.
Әкімдік өкілдері оқиғадан кейін Қызылордадағы барлық ойын-сауық саябақтарында қауіпсіздік талаптарын күшейтуге бағытталған қосымша профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін де мәлімдеген.
Науқас қазір қандай жағдайда?
2007 жылы туған жасөспірім ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілген. Облыстық көпсалалы аурухананың бас дәрігері Жасұлан Баймахановтың айтуынша, науқас шұғыл түрде отаға алынған.
Дәрігерлердің мәліметінше, науқастың жағдайы әлі де өте ауыр әрі тұрақсыз күйде қалып отыр.
Айыпталушылар қандай жаза арқалайды?
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, аталған дерек бойынша Қызылорда қаласының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 156-бабының 2-бөлігі (Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Аталған бап бойынша 200 АЕК-ке дейін, яғни 786 400 теңге айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Сонымен қатар екі жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.
Алайда министрлік бұл іс бойынша кімнің күдікті екенін нақтыламады.
Ал Қызылорда әкімдігі аттракциондарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуына олардың иелері мен пайдаланушы ұйымдар жауапты екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ әкімдік лауазымды тұлғалардың әрекетіне жүргізіліп жатқан тексерулердің қорытындысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар құқықтық баға беретінін атап өтті.
Мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін ойын-сауық саябақтарының иелерімен және қызмет көрсетуші персоналмен қосымша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ерекше назар қауіпсіздік техникасы талаптарының сақталуына, қызметкерлерге нұсқама өткізуге және аттракциондарды пайдалану барысын бақылауды күшейтуге аударылған.
Сондай-ақ аттракцион қызметкерлеріне қауіпсіздік техникасын және жабдықтарды пайдалану қағидаларын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.







