Жалағашта «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосқандар марапатталды

1 570

Фото: Жалағаш аудан әкімдігіЖалағаш ауданында қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өз жалғасын тапты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Аталған шара аясында аудан көлемінде сенбіліктер мен көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылып, тұрғындар мен мекеме қызметкерлері табиғатты қорғау ісіне белсенді түрде атсалысты.

Акция қорытындысы бойынша аудан әкімі Ардақ Ибраимов табиғатты аялауға үлес қосқан белсенді азаматтарды, еңбек ұжымдары мен ұйымдарды марапаттап, ризашылығын білдірді.

«Тазалық пен табиғатты қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Ауданымызды көгалдандыру, көркейту бағытындағы бұл бастама тек бір реттік шара емес, бұл – тұрақты түрде жалғасатын жүйелі жұмыс. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда әр азаматтың белсенді қатысуы маңызды», – деді аудан әкімі өз сөзінде.

Бұған дейін аудан басшысының тапсырмасына сәйкес, мекемелер мен ұйымдарға тал егу және көгалдандыру үшін арнайы жер телімдері бөлінген болатын. Осы бағытта ерекше белсенділік танытқан аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі қаржылай сертификатпен марапатталды.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан бойынша көшелер мен қоғамдық орындар тазартылып, ағаш көшеттері отырғызылды, сондай-ақ өзен-көл жағалауларында санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді.

Экологиялық мәдениетті дамыту мен табиғатты аялау бағытындағы мұндай игі істер алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға өз септігін тигізбек.