ҚАЗАЛЫДА БАЙЛАНЫС ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІНЕ ОРАЙ САЛА МАМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Байланыс қызметкерлері күніне орай аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов Қазалы ауданында байланыс және телекоммуникация саласында еңбек етіп жүрген мамандар мен сала ардагерлерін арнайы қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Тағылымы мол кездесуге байланыс саласының ардагерлері, пошта және телекоммуникация қызметкерлері, интернет және ұялы байланыс операторларының өкілдері, сондай-ақ салада ұзақ жылдар еңбек еткен мамандар қатысты. Мерекелік басқосуда аудан әкімінің орынбасары байланыс саласының қоғам өміріндегі маңызына ерекше тоқталып, цифрлық дәуірдегі телекоммуникация қызметінің стратегиялық рөлін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда байланыс жүйесі – ел экономикасының, мемлекеттік басқарудың және халыққа қызмет көрсетудің негізгі тетіктерінің біріне айналған.![]()
– «Байланыс саласы – қоғамның дамуына серпін беретін, халық пен мемлекетті, аймақтар мен елдерді өзара жалғайтын маңызды стратегиялық бағыттардың бірі. Қазіргі цифрлық дәуірде ақпарат алмасудың жеделдігі мен сапасы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан байланыс саласының қызметкерлеріне жүктелетін жауапкершілік өте жоғары. Сіздер халықты ақпаратпен қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосып келесіздер», – деді Дәурен Оңғарбайұлы.
Сонымен қатар ол Қазалы ауданында байланыс және телекоммуникация саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Бүгінде аудан көлемінде интернет сапасын жақсарту, ұялы байланыс ауқымын кеңейту және цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытында нақты жобалар жүзеге асырылуда.
– «Ауданымызда байланыс және телекоммуникация саласын дамыту – басты міндеттердің бірі. Елді мекендерді интернет желісімен қамту, ұялы байланыс сапасын жақсарту, цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бұл жұмыстардың барлығы сіздердің күнделікті еңбектеріңіздің нәтижесі. Осы ретте аудан халқы атынан баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді аудан әкімінің орынбасары.![]()
Мерекелік қабылдау барысында Дәурен Тлеумбетов аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың құттықтауын жеткізіп, байланыс саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар сала ардагерлері мен қызметкерлерін аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапаттады. Салтанатты рәсімде ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, халыққа сапалы қызмет көрсеткен мамандарға құрмет көрсетілді. Жиын барысында аудан көлеміндегі байланыс саласының қазіргі ахуалы туралы да кеңінен айтылды. Бүгінде Қазалы ауданы бойынша талшықты-оптикалық байланыс желісімен Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және 18 елді мекен қамтылған. Бұл аудан аумағының 47,6 пайызын құрайды. Мамандардың мәліметінше, Қазақтелеком акционерлік қоғамы арқылы 10 елді мекен жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосылған. Сонымен қатар Транстелеком компаниясы арқылы тағы 10 елді мекен интернет қызметімен қамтылып отыр. Бұл ауыл тұрғындарының цифрлық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берген маңызды жобалардың бірі болды. Жиында алдағы жоспарлар да таныстырылды. Атап айтқанда, Қазақтелеком компаниясымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл Online» жобасы аясында 2027-2028 жылдары ауданның тағы 17 елді мекеніне талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланған. Бұл жоба ауылдық жерлердегі интернет сапасын жақсартып, тұрғындардың заманауи цифрлық мүмкіндіктерді пайдалануына жол ашады.
Мерекелік шара барысында аудандық пошта торабының жұмысы да сөз болды. Бүгінде Қазалы аудандық пошта торабында 17 байланыс бөлімшесі жұмыс істейді. Онда 56 азамат тұрақты қызмет атқаруда. Бай тарихы бар Қазпошта акционерлік қоғамы қазіргі таңда заман талабына сай жаңғыртылып, жаңа техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта пошта торабы тек хат-хабар мен сәлемдеме тасымалдап қана қоймай, қаржылық қызметтер көрсететін маңызды мекемеге айналған. Атап айтқанда, аудан бойынша 150-ден астам заңды тұлғаға банк қызметтері ұсынылады. Сонымен бірге 12 елді мекенде серіктес банктер арқылы несие рәсімдеу, депозит ашу және өзге де қаржылық операциялар жүргізілуде. Сала мамандарының айтуынша, цифрлық технологиялардың дамуына байланысты байланыс және пошта қызметінің ауқымы кеңейіп келеді. Халыққа онлайн қызмет көрсету, электронды төлем жүйелерін енгізу және интернет арқылы қызмет ұсыну бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Өз кезегінде байланыс саласының ардагерлері мен мамандары да сөз сөйлеп, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады. Олар сала қызметкерлеріне көрсетілген құрмет пен қошемет үшін аудан басшылығына алғыстарын білдіріп, байланыс саласының дамуы елдің өркендеуімен тікелей байланысты екенін атап өтті.
– «Бүгінде байланыс саласы – халық өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Қазіргі заман талабына сай жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бізге көрсетілген құрмет – барлық сала қызметкерлерінің еңбегіне берілген баға», – деді сала ардагерлері.
Мерекелік кеш барысында Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығының өнерпаздары әннен шашу шашып, мереке иелеріне ерекше көңіл күй сыйлады. Қазақ эстрадасының танымал әндері орындалып, көпшілік көтеріңкі көңіл күймен тарқасты. Тағылымы мол мерекелік кездесу байланыс саласы мамандарының еңбегін дәріптеп қана қоймай, цифрлық дәуірдегі телекоммуникацияның маңызын кеңінен насихаттаған мазмұнды шара ретінде есте қалды.







