Қазалы ауданында жол құрылысы қарқынды жүруде

1 592

Фото: Қазалы ауданының әкімдігіҚазалы ауданында биылғы жылы жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі 15 көшеге орташа және күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған болатын. Бүгінде сол көшелердің 13-інде асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Қалған екі көше – Желтоқсан және Төремұрат жырау көшелеріндегі жөндеу жұмыстары қазіргі таңда қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.

Аудан әкімі құрылыс аймақтарын аралап, сапаны бақылап шықты

Бүгін аудан әкімі Желтоқсан көшесіне төселіп жатқан асфальт жұмыстарының барысын қарап, сапасын тексерді. Сонымен бірге Төремұрат жырау көшесіндегі жер тегістеу және асфальт қабатын төсеуге дайындық жұмыстарымен танысты.

Аудан басшысы мердігер мекеме – «Строймодуль Астана» ЖШС-нің жауапты өкіліне және сала басшыларына қараша айының соңына дейін белгіленген міндеттерді толық әрі жоғары сапамен аяқтауды тапсырды.

Қазалы қаласындағы жұмыстар да аяқталуға жақын

Кент көшелерін аралаудан кейін аудан әкімі Қазалы қаласына барып, Ш.Уәлиханов көшесінде жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарын көрді.

Қазалы қаласы бойынша биыл жөндеуден өтуі тиіс 10 көшенің 9-ы толықтай аяқталған. Ал жалғыз қалған Ш.Уәлиханов көшесіне асфальт төсеу жұмыстары жақын күндері толық бітеді деп жоспарлануда.

Инфрақұрылымды жақсарту – аудан дамуының маңызды бағыты

Жол сапасын арттыру – аудан тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартудың негізгі тетіктерінің бірі. Биылғы атқарылған жұмыстар нәтижесінде Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының көшелері жаңарып, жол қозғалысының қауіпсіздігі мен қолайлылығы артуда.