ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін облыстық білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді саралау және алдағы міндеттерді айқындау мақсатында облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов төрағалығымен кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Мәжіліске басқарма басшысының орынбасарлары, бөлім жетекшілері, қала және аудандық білім бөлімдерінің басшылары, колледж директорлары, облыстық мекемелердің жетекшілері мен барлық білім беру ұйымдарының басшылары қатысып, өңірдегі білім саласының бүгінгі жай-күйі мен даму бағыттарын жан-жақты талқылады.
Жиын барысында білім беру жүйесінің негізгі бағыттары кеңінен қарастырылды. Атап айтқанда, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын арттыру, орта білім беру деңгейіндегі оқу үлгерімін жақсарту, педагог кадрлармен
қамтамасыз ету, олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ оқушыларды әлеуметтік қорғау мәселелері сөз болды. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тәрбиелік жұмыстарды күшейту мәселелері де күн тәртібінен тыс қалмады.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту, еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша кадр даярлау мәселелері де кеңінен талқыланды. Бұл бағытта білім беру ұйымдарының өндіріс орындарымен байланысын нығайту, дуалды оқыту жүйесін жетілдіру қажеттігі атап өтілді.
Алқа отырысы барысында жүргізілген талдау нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталып, оларды жою бойынша нақты тапсырмалар берілді. Басқарма басшысы жауапты тұлғалардың жұмысына сын айтып, орын алған олқылықтар бойынша тәртіптік шаралар қаралатынын жеткізді.
– Әрбір кемшілік нақты нәтижеге кері әсер етеді. Сондықтан жауапты басшылар тапсырмалардың орындалуына жіті мән беріп, сапалы нәтижеге қол жеткізуі тиіс. Барлық тапсырмалар қатаң бақылауда болады, – деді Асқарбек Есжанов.
Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу рәсімдері мен кадрлық қамтамасыз ету бағытында жүргізілген мониторинг қорытындылары қаралды. Жиында артық штат бірліктерін оңтайландыру, қаржылық ресурстарды тиімді пайдалану және басқару жүйесін жетілдіру қажеттігі ерекше атап өтілді.
Басқарма басшысы өз сөзінде білім сапасын арттыру – өңір дамуының басты көрсеткіштерінің бірі екенін атап өтіп,
әрбір білім беру ұйымында сапалы білім мен саналы тәрбие беруге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуы тиіс екенін айтты.
Сондай-ақ, оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру, цифрлық технологияларды енгізу, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру және ата-аналармен байланысты нығайту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі де баса айтылды.
Жалпы, кеңейтілген алқа отырысы білім беру саласындағы өзекті мәселелерді айқындап, оларды шешудің нақты жолдарын белгілеуге мүмкіндік берді. Алдағы уақытта белгіленген міндеттерді сапалы орындау арқылы өңірдегі білім беру жүйесінің дамуы жаңа деңгейге көтерілмек.
@Қызылорда облысы білім басқармасының баспасөз қызметі







