ОБЛЫС ӘКІМІ ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

1 505

ОБЛЫС ӘКІМІ ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласында қарқынды жүргізіліп жатқан бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Аймақ басшысы мердігер мекемелер мен жауапты сала жетекшілеріне құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беру қажеттігін атап өтті.

Алдымен облыс әкімі құны 20,5 млрд теңгені құрайтын «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылыс алаңына барды. Қазіргі таңда нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жалпы аумағы 26 мың шаршы метр болатын заманауи кешен халықаралық талаптарға сай бой көтеруде.

Жоба аясында 50 метрлік олимпиадалық жүзу бассейні, халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстар өткізуге арналған 2500 орындық әмбебап зал, форумдар мен түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған 300 орындық конференция залы қарастырылған. Сонымен қатар, кешенде спортшыларға арналған жаттығу залдары, киім ауыстыру бөлмелері, медициналық кабинеттер және заманауи инженерлік жүйелер орнатылады.

Нысанның сыртқы қасбеті заманауи архитектуралық үлгіде безендіріліп, витражды бөлігі төзімді әрі сапалы әйнекпен қапталады. Жоба толық аяқталғаннан кейін кешен халықаралық және республикалық деңгейдегі спорттық жарыстарды өткізуге, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға бейімделеді. Мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде және нысанды осы жылдың тамыз айында пайдалануға беру көзделіп отыр.

Облыс әкімі құрылыс алаңындағы жұмысшылармен және мердігер компания өкілдерімен кездесіп, қауіпсіздік талаптарын сақтау, құрылыс материалдарының сапасын бақылау және жұмысты мерзімінен кешіктірмеу мәселелеріне ерекше назар аударды.

Одан кейін Мұрат Ергешбаев қаланың сол жағалауындағы тұрғын үй құрылыстарының барысымен танысты. Қазіргі уақытта мұнда 600 пәтерлік 5 және 9 қабатты 10 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Аталған жобаға 11 млрд 364 млн теңге қаржы қаралған.

Жалпы аумағы 33 мың шаршы метр болатын тұрғын үй кешені заманауи талаптарға сай салынуда. Жоба аясында тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалады. Атап айтқанда, балаларға арналған 8 ойын алаңы, спортпен шұғылдануға арналған воркаут алаңдары, тұрғындардың тынығуына арналған 3 демалыс аймағы орналастырылады. Сонымен қатар, аулаларды абаттандыру, көгалдандыру, автотұрақтар салу және заманауи жарықтандыру жүйелерін орнату жұмыстары қарастырылған.

Аймақ басшысы тұрғын үй құрылысының сапасына ерекше көңіл бөліп, инженерлік инфрақұрылымдардың талапқа сай болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, тұрғын үйлердің қолжетімді әрі жайлы болуы тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Бүгінде облыста денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңа нысандар салу, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамту және озық технологияларды енгізу жұмыстары жүйелі жүргізілуде.

Солардың бірі – бір ауысымда 100 келушіге қызмет көрсететін емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы. Мелиоратор серіктестігі жүзеге асырып жатқан жобаға 36 млрд 416 млн теңге қаржы бөлінген.

Заманауи медициналық кешеннің жалпы аумағы 57 мың шаршы метрді құрайды және 10 блоктан тұрады. Оның құрамында емхана, пансионат, конференция залы, асхана, физиотерапия бөлімі, қабылдау бөлімі, әкімшілік корпус, реанимация, химиотерапия және радиотерапия бөлімдері, операциялық блоктар қарастырылған.

Мамандардың айтуынша, аурухана халықаралық стандарттарға сай медициналық қызмет көрсететін болады. Мұнда диагностиканың және емдеудің озық технологиялары енгізіліп, заманауи медициналық құрылғылар орнатылады. Бұл өз кезегінде өңір тұрғындарына жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімі құрылыс нысанын аралау барысында денсаулық сақтау саласындағы жобалардың халық үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, медициналық мекемелердің құрылысын сапалы әрі уақытылы аяқтау қажеттігін ескертті.

– Денсаулық сақтау нысандары ең алдымен халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Сондықтан құрылыс жұмыстары жоғары сапада орындалып, барлық талаптарға сай болуы керек. Халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету – басты міндеттердің бірі, – деді Мұрат Ергешбаев.

Бұдан кейін аймақ басшысы Титов шағын ауданында салынып жатқан емхананың құрылыс алаңына барды. Бір ауысымда 400 келушіні қабылдайтын жаңа емханаға 9 млрд 823 млн теңге қаржы қаралған.

Жалпы аумағы 9 мың шаршы метр болатын медициналық нысан заманауи үлгіде салынуда. Мұнда балалар мен ересектерге арналған емдеу-профилактикалық бөлімшелер, функционалдық диагностика кабинеттері, стоматология бөлімдері және зертханалар орналастырылады. Сонымен қатар, емханада заманауи цифрлық жүйелер енгізіліп, науқастарға қолайлы жағдай жасау көзделген.

Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жалғасуда. Мамандар ішкі әрлеу, инженерлік желілерді жүргізу және медициналық жабдықтарды орнатуға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Жоспарға сәйкес, емхананы осы жылы халық игілігіне беру көзделіп отыр.

Аймақ басшысы құрылыс нысандарын аралау барысында барлық жобалардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызы ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа спорт кешендері, тұрғын үйлер мен медициналық мекемелер халықтың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, құрылыс саласында жергілікті мамандарды жұмыспен қамту, отандық құрылыс материалдарын пайдалану және нысандардың қауіпсіздік талаптарына толық сай болуы мәселелеріне де баса назар аударылды.

Жиын соңында Мұрат Ергешбаев жауапты сала басшылары мен мердігер мекемелерге құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырып, барлық нысандар белгіленген уақытта ел игілігіне берілуі тиіс екенін жеткізді.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі