Аралдың құрғаған ұлтанына 12,2 млн түп сексеуіл егілді
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Экология және табиғи ресурстар бірінші вице-министрі Нұркен Шарбиевпен бірге Арал, Қазалы аудандарына іссапармен барып, Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы сексеуіл егу жұмыстарымен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Делегация құрамында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев бар. «ҚазМұнайГаз» компаниясы теңіз табанына сексеуіл көшеттерін егуге қаржы бөлуде.
Алдымен аймақ басшысы мен вице-министр құрғаған ұлтанның № 98, 99, 100, 103, 104, 105 орамдарын тікұшақ арқылы әуеден бақылады. Жүргізілген фитоорманмелиорациялық жұмыстармен стенд арқылы танысып, сексеуіл көшетін отырғызды.
Мемлекет басшысы 2021-2025 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 1,1 млн. гектар сексеуіл екпелерін егу жөнінде тапсырма бергені белгілі. Тапсырма кезең-кезеңімен орындалып, 2021 жылы 101 мың гектар, 2022 жылы 250 мың гектар, былтыр 193 мың гектар жерге сексеуіл егілді. 2024-2025 жылдарға 556,2 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізу жоспарланған. Биыл құрғаған ұлтанның 50 мың гектарына 15 млн. сексеуіл көшетін отырғызу, 50 мың гектарына қарабарақ, сексеуіл тұқымын себу жұмыстары межеленуде. Агротехникалық талаптарға сәйкес, сексеуілді көшеттен отырғызу наурыз бен сәуір айларында, ал тұқымнан себу күз мезгілінде, яғни қазан мен желтоқсан айлары аралығында жүргізіледі.
Бүгінгі күнге 12,2 млн. көшет қазылып, құрғаған ұлтанның 39 мың гектарына отырғызылды. Сондай-ақ, теңіз табанындағы 150 мың гектар жердің топырағын зерттеу және жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 58,4 млн. теңге бөлінді. Күз мезгілінде 50 мың гектар жерге сексеуіл тұқымын себу үшін 180 тонна орман ағаштарының тұқымы жиналады.
Республикалық орман-селекциялық тұқым өсіру орталығы кепкен ұлтандағы 15 мың гектар жерге 4,4 млн. көшет сатып алып, 7000 гектарға отырғызылды. 2021-2023 жылдары орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 1 млрд. 806 млн. теңге бөлініп, 102 арнайы техника және қажетті құрал-саймандар сатып алынды. Ал, 2024 жылға 77 млн. теңге қаралған.