ҚЫЗЫЛОРДАДА КӨЗІН КӨРІКТІ ЕТЕМІН ДЕГЕН БОЙЖЕТКЕН ӘДІЛДІК ІЗДЕУДЕ
«Сұлулық құрбандықты талап етеді» деген сөз бар. Бірақ кей жағдайда сұлулыққа ұмтылу адамның денсаулығына қауіп төндіріп, ауыр зардаптарға әкеліп жатады. Қызылорда қаласында көзін көрікті етемін деп, екі дүниенің жарығынан айырыла жаздаған 27 жастағы бойжеткен әділдік іздеуде, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Сұлулық салонында жасалған сәтсіз «броулифтинг» процедурасынан кейін Нұргүл Бәтен есімді арудың өмірі тас-талқан болды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған бойжеткен бүгінде жанарын сақтап қалу үшін жанұшыра күресіп жүр.
Жап-жас бойжеткеннің өмірін тозаққа айналдырған оқиға осыдан жарты жыл бұрын басталған. Өз-өзіне күтім жасап, қабағын сәл де болса көтергісі келген Нұргүл жергілікті сұлулық салондарының біріне жүгінеді. Броулифтинг, яғни қабақ көтеру процедурасының соңы үлкен қасіретке ұласты. Салондағы мамандардың салғырттығынан бойжеткеннің бір көзі мүлдем жұмылмай қалған. Зардап шеккен Нұргүл Бәтен бұл сұмдықты «31 арнаның» тілшілеріне былай деп баяндайды:
Мамандардың айтуынша, көздің ұзақ уақыт бойы жұмылмай, ашық қалуы медицинада – лагофтальм көздің мүйізгегінің құрғауына, қабынуына және соңында толықтай соқырлыққа әкеп соқтыруы мүмкін. Нұргүлдің «ота кезінде қабақ терісін дұрыс тікпеген» деген күдігі оның денсаулығына түзетілмес нұқсан келгенін айғақтайды.
Ең сорақысы – қателігін мойындап, зардап шегушіге көмектесудің орнына, салон қызметкерлері жауапкершіліктен қашып отыр. Нұргүл Бәтен қабағын қалпына келтіру үшін жарты жыл бойы аталған сұлулық салонының табалдырығын тоздырған. Алайда, беті бүлк етпеген безбүйрек мамандар кінәсін мойындамай, бастарын ала қашқан.
Бұл жағдай құзырлы органдардың араласуынан кейін ғана заңдық сипат алды. Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің тексерісінен кейін сұмдықтың беті ашылды. Салонда бұл ота мүлдем лицензиясыз жасалған екен. Отаны тиісті рұқсатсыз жасаған салон басшылығына 87 000 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Алайда денсаулығынан айырылуға шақ қалған бойжеткен үшін бұл жаза тым жеңіл көрінеді.
Расымен де, бір адамның денсаулығына қауіп төндірген жағдай үшін айыппұл жеткілікті жаза ма?
Соңғы жылдары косметологиялық қызмет көрсететін орталықтар мен сұлулық салондарының саны артқанымен, олардың бәрі бірдей заң талаптарын сақтайды деп айту қиын. Кейбірі медициналық лицензиясыз-ақ күрделі процедураларды жүргізіп жатқаны туралы деректер жиі кездеседі. Мұндай қызметтерге жүгінер алдында орталықтың лицензиясын, маманның біліктілігін және процедураның қауіпсіздігін мұқият тексерген абзал. Өйткені сұлулық үшін жасалған бір қадам кейде адам денсаулығына орны толмас зиян келтіруі мүмкін.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері істің ақ-қарасын анықтау үстінде. Тексеріс жұмыстары басталып, құқықтық баға берілмек. Алайда, ең басты мәселе – Нұргүлдің денсаулығын кім және қалай қалпына келтіреді? Заңсыз ота жасағандардың қылмыстық салғырттығы үшін жас қыз өмір бойы соқыр болып өтуі керек пе?







