Қазалы ауданында ел еңсесін көтерген елеулі әрі тағылымы мол шара өтті

1 505

ҚАЗАЛЫНЫҢ МАҚТАНЫШЫ – КӘРІБОЗ ӘЛИМАЕВ 90 ЖАСТА

Қазалы ауданында ел еңсесін көтерген елеулі әрі тағылымы мол шара өтті. Аудан жұртшылығы Социалистік Еңбек Ері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Кәрібоз Әлимаұлы Әлимаевтың 90 жас мерейтойын ерекше құрметпен атап өтті. Саналы ғұмырын туған жердің дамуына, ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне арнаған абзал азаматқа көрсетілген бұл құрмет – адал еңбекке деген тағзымның айқын көрінісі болды.

Мерейтой иесін арнайы қабылдаған аудан әкімі Алмасбек Есмаханов ардагер еңбеккердің ел алдындағы ерен еңбегін ерекше атап өтіп, аудан халқының ыстық ықыласы мен ақжарма тілегін жеткізді. Тағылымды кездесуге ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, ақсақалдар, ел ағалары мен еңбек адамдары қатысып, мерейтой иесіне құрмет көрсетті.

Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Кәрібоз Әлимаұлының өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі екенін айтты.

– Кәрібоз Әлимаұлы – еңбекпен есейіп, маңдай терімен ел құрметіне бөленген азамат. Ол кісінің бүкіл ғұмыры туған жермен, ауыл шаруашылығымен, елдің дамуы жолындағы қажырлы еңбекпен тығыз байланысты. Осындай тұлғалардың өнегелі өмірі жас буынға әрдайым рухани тәрбие береді. Еңбек адамын ардақтау – елдігіміздің белгісі, – деді аудан әкімі.

Кәрібоз Әлимаұлы Әлимаев 1936 жылы қазіргі Бозкөл ауылында дүниеге келген. Балалық шағы соғыс жылдарының ауыр кезеңімен тұспа-тұс келсе де, жастайынан еңбекке араласып, қиындыққа мойымай өсті. Ерте есейген бозбала мектеп қабырғасынан кейін-ақ трактор руліне отырып, ауыл шаруашылығы саласына белсене араласты. Ұзақ жылдар бойы Бозкөл совхозында табанды еңбек етіп, өзінің кәсіби шеберлігімен, адалдығымен, еңбекқорлығымен дараланды.

Сол кезеңде ауыл шаруашылығы саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, техниканы жетік меңгерген үздік механизаторлардың бірі атанды. Қарапайым еңбек адамы ретінде өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ел игілігі үшін аянбай еңбек етті. Осындай қажырлы еңбектің нәтижесінде 1967 жылы Кәрібоз Әлимаұлына Кеңес Одағының ең жоғары марапаттарының бірі – «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. Сонымен қатар ол «Ленин» орденімен марапатталды. Бұл – оның маңдай терімен келген зор абыройы мен мемлекет тарапынан берілген жоғары бағасы еді.

Кейінгі жылдары да Кәрібоз Әлимаұлы ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп, мал шаруашылығының дамуына сүбелі үлес қосты. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысып, қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласты. Халық сеніміне ие болған ардақты азамат Қазалы аудандық советінің депутаты ретінде де ел мүддесі жолында қызмет атқарды. Қай кезде де қарапайымдылық пен адамгершілікті ту еткен ол ауылдастарының, әріптестерінің арасында зор беделге ие болды.

Мерейтой барысында Кәрібоз Әлимаұлының өмірі мен еңбек жолы туралы кеңінен айтылып, оның елге сіңірген еңбегі ерекше құрметпен еске алынды. Жиналған көпшілік еңбек ардагерінің өнегелі өмір жолын үлкен ықыласпен тыңдап, оған деген шынайы құрметтерін білдірді.

Салтанатты шарада мерейтой иесіне облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың арнайы құттықтауы табысталып, Қазалы ауданының ең жоғары марапаттарының бірі – «Қазалы ауданының Құрмет грамотасы» және қаржылай сертификат ұсынылды. Сонымен қатар қазақы дәстүрге сай иығына шапан жабылып, ел ағалары тарапынан сый-құрмет көрсетілді. Бұл – халықтың ардақты азаматқа деген шексіз ілтипатының белгісі еді.

Шара барысында Қызылорда облысының құрметті азаматы, І-ІІІ дәрежелі «Барыс», «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Самұрат Жұманұлы сөз сөйлеп, Кәрібоз Әлимаұлының ел алдындағы еңбегі қашанда құрметке лайық екенін айтты. Ол мерейтой иесінің өмір жолы – бүгінгі ұрпақ үшін адалдықтың, табандылықтың және еңбекқорлықтың жарқын үлгісі екенін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар облыстық мәслихат депутаты, «Парасат» орденінің иегері Ібайдула Тілепұлы да жылы лебізін білдіріп, елдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматқа ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тіледі.

Жиында ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Қасқырбай Әлімбайұлы да сөз алып, еңбек адамын ардақтаудың маңыздылығына тоқталды. Ол Кәрібоз Әлимаұлымен бірге еңбек еткен жылдардағы естеліктерін айтып, оның қарапайымдылығы мен елге деген жанашырлығын ерекше ықыласпен жеткізді.

Мерейтойға арнайы келген Тасарық ауылының ақсақалы Жұбанияз Алтынбек те Кәрібоз Әлимаұлының адами қасиеттері жөнінде тебірене сөз сөйледі. Ол мерейтой иесінің әрдайым ел бірлігін ойлап, ауыл азаматтарына қамқор болып жүргенін айтып, ақ батасын берді.

Өз кезегінде Кәрібоз Әлимаұлы өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, аудан басшылығына, ел ағаларына және барша жерлестеріне алғысын айтты. Ақсақал елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілеп, кейінгі ұрпаққа адал еңбек етудің маңызын насихаттады.

– Еңбек адамды өсіреді. Халықтың ықыласынан артық марапат жоқ. Осындай құрмет көрсетіп жатқан барша ағайынға ризамын. Ел аман, жұрт тыныш болсын, жастар еңбекқор болсын, – деді ардагер.

Тағылымды шара соңында қатысушылар мерейтой иесімен естелік суретке түсіп, ақжарма тілектерін арнады. Елге еңбегі сіңген абзал азаматқа көрсетілген бұл құрмет – еңбек адамын ұлықтаудың, үлкенге ізет көрсетудің, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жарқын көрінісі болды.

Кәрібоз Әлимаұлы Әлимаевтың ғибратты ғұмыры – туған жерге адал қызмет етудің, қарапайым еңбек арқылы биік белестерді бағындырудың айқын үлгісі. Осындай тұлғалардың өмір жолы жас ұрпаққа рухани күш беріп, елге қызмет етудің қадірін ұғындырары сөзсіз.