Қала әкімі Нұржан Ахатов азаматтарды жеке қабылдап, мәселелерін шешу жолдарын талқылады
Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов тұрғындардың талап-тілектерін тыңдау және олардың шешілуіне ықпал ету мақсатында «Amanat» партиясының қалалық филиалында азаматтарды жеке қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындар қала өміріне қатысты әртүрлі мәселелерді көтерді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Көпшілігі жұмыспен қамту, әлеуметтік жәрдемақы алу, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі бойынша сұрақтар қойса, бірқатары баспанамен қамтамасыз ету, жол, газ, жарық, сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау мәселелерін талқылады. Әкім азаматтарды мұқият тыңдап, көтерілген мәселелердің барлығы мамандардың жіті тексеруінен өтіп, заңды негізде шешім қабылданатынын атап өтті.
Нұржан Сәбитұлы ашықтық пен жариялылық жұмыс тиімділігін арттыратынын, тұрғындардың ұсыныстары мен уәждері бойынша мәселелерді жүйелі түрде зерделеп, салалар бойынша нақты шаралар жүзеге асырылатынын жеткізді. Әкімнің қабылдауы азаматтар мен билік арасындағы байланыс орнатудың маңызды алаңы ретінде бағаланды.
Қала әкімдігі алдағы уақытта тұрғындардың арыз-шағымдары мен ұсыныстарын жинақтап, олардың шешімін қадағалау жүйесін одан әрі жетілдіруді жоспарлап отыр. Бұл шаралар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік қолдауды күшейтуге және қаланың инфрақұрылымдық дамуын жеделдетуге бағытталған.







