Қызылордалық мүмкіндігі шектеулі әйел ән айтып, би билеп табыс тауып жүр
Бірнеше өнерді бойына сыйдырған қызылордалық ару мүмкіндігі шектеулі жан сахна төрінде тамылжыта ән салып жүр,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Әнші де өзі, биші де өзі, асаба да өзі, ақын да өзі. Гигиенист-эпидемиолог мамандығы бойынша жоғары білім алғанмен белгілі себепке байланысты дипломға қолы жетпепті. Дәстүрлі әнші мамандығын алуға он шақты жыл бойы талаптанғанмен оқуға түсе алмаған. Жоғары білімде жолы болмаса да бойындағы талант тасада қалған жоқ. Бесаспап десе, бесаспап. Асаба, әнші, биші ретінде той-томалаққа шығып, жұртшылықтың көзайымына айналды.
Асаба болып жүріп өзі ән әуелетіп, мың бұралып билей береді. Көпшілік ортада тосын жағдайлар да болып тұрады.
"Бірде той иесі терме орындап, билеп беруімді сұрады. Алдымен терме айттым, жартысына келгенде жарық өшіп, даусым шықпай қалып, қонақтар шулай жөнелді. Мұны көрген қасымдағы асаба "сен билемей-ақ қойшы, әнді де қатырмадың" деді ашулы кейіппен. "Маған екі нөмірдің де ақшасын беріп қойған. Неге билемеуім керек?" деп мен де қайтпай тұрып алдым. Билей жөнелгенім сол еді, халық көңілдене орнынан түрегеліп, ұзақ қол шапалақтады. Сол жағдай әлі есімнен кетпейді. Өзім сияқты мүмкіндігі шектеулі жандардың шашын тегін алып беремін. Негізгі көп табыс әкелетін кәсіп – осы. Бірақ маған бәрінен бишілік өнер аса жақын", - деді қайсар келіншек.", - дейді бес баланың анасы, 3 топ мүгедегі Раушан Жүсіпова.