Ақтөбеде мембағдарламамен пәтер алғандар екі жылдан бері далада жүр
296

Ақтөбеде осыдан екі жыл бұрын «Бақытты отбасы» және «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 70 отбасы пәтерге ие болғанымен, баспаналарына әлі кірмеген.
Шенеуніктер сол кезде жарты жылдан соң қоныс тойын тойлайтындарын айтып уәде беріпті. Алайда үйдің құрылысы әлі аяқталар емес. Тұрғындар күнара сыртынан бақылап шаршағандарын айтады.
«Халыққа осындай бағдарламамен көмек көрсетілсін деп бұйрық шығарып қояды да, осылай сенделіп жүреміз. Екі жарым жыл күтумен кетті. Не өзіміздің жеке шаруамызды бітіре алмай күтіп отырмыз. Бәріміз пәтер жалдап тұрамыз. Үйіміз болса, жабыспаймыз ғой мына үйге», - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Орынгүл Ақболатова.
Телеарна мәліметінше, мердігер мен әкімдіктегілер бірін-бірі сотқа сүйреп, құрылыс материалының шығынына қатысты шағымданып келгендіктен, құрылыс ұзаққа созылып кеткен.
Ақыры мердігерге қазынадан қосымша қаржы берілетін болып шешілген. Енді ол құрылысты үш айда толық аяқтауға міндетті.
«Сот процесіне байланысты құрылыс созылып кетті. Енді мердігер компанияға қазынадан қаржы бөлінді. Қазір Ресейден жабдық алдырып жатыр. Қазан айына дейін жоспар бойынша құрылыс аяқталуы тиіс. Жоспардан кешіксе, айыппұл төлейтін болады», - дейді Ақтөбе қаласы жер қатынастары, сәулет және құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Жантөрин.