Қалыңдық сақалын қырудан бас тартқан жігітіне тұрмысқа шыққысы келмей қалды
Reddit сайтының қолданушылары жігітінің сақалын қырудан бас тартқанына бола тойды болдырмай қойған қалыңдықтың әрекетін қызу талқыға салуда.
Қалыңдық тойдан бас тартқанын Reddit сайтында анонимді түрде жазып, көпшіліктен өз әрекетінің дұрыс-бұрыстығына қатысты кеңес сұраған.
Бойжеткеннің айтуынша, жігітімен көңіл жарастырғанына үш жылдың жүзі болған. Үш жыл ішінде жігіті талай сақалын өсіріп, талай қырған екен. Алайда, 2021 жылдың наурызынан бастап, ғашығы сақалын мүлде қыруды доғарыпты.
Олар 6 сәуір күні некеге тұрып, той жасауды жоспарлап отырған. Той күні жақындаған сайын бойжеткенді болашақ күйеуінің сақалы оған мүлде жараспайды деген ой мазалай бастаған. Ол той суреттері ойдағыдай шықпай қалуы мүмкін екенін ескеріп, сол себепті жігітінен сақалын қыруды сұраған екен.
Осыдан кейін ару жігітіне сақалын қырмаса, той болмайтынын айтқан. Бұған ашуланған жігіті үйінен кетіп, мүлде байланысқа шықпай қойыпты.
Пікір қалдырушылардың бірі бойжеткеннің талабын түсінуге болатынын алға тартса, енді бірі оның әрекеті мүлде дұрыс емес екендігін жазуда.
Олар ер азамат өз қалауынан бас тартпауға құқылы екенін айтып, бойжеткенге райынан қайтуға кеңес берді.
"Сен сақалды жігітке тұрмысқа шығуға келіскенсің, енді оны сол күйінде қабылдауың керек", "Ол саған он келі тастамасаң, үйленбеймін десе қайтер едің", - деп жазған пікір қалдырушылар.