ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛАМ ДЕП ӘБІГЕРГЕ ТҮСКЕН АТА-АНАЛАР ӘДІЛДІК ІЗДЕЙДІ

2 522

Фото: ©ЖИ көмегімен жасалған Жыл сайын жаңа оқу жылының қарсаңында елімізде әлеуметтік осал топтағы отбасыларға көмек көрсету мақсатында Жалпыға міндетті білім беру қоры аясында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы бастау алады. Ресми деректерге сүйенсек, 2026 жылғы 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін созылатын бұл бастама аясында 450 мыңға жуық баланы қамту жоспарланған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттерден 23 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, бір балаға берілетін ең төменгі төлем мөлшері 50 851 теңге болып бекітілді. 

 Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары көрсекіш. Алайда, қағаз жүзіндегі оңтайлы сандар мен қомақты бюджет шынайы өмірдегі түйткілдерді толық шеше алмай отыр. Жылда қайталанатын бюрократиялық кедергілер, платформалардың нашар жұмысы және себепсіз бас тартулар әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың наразылығын тудыруда. Басында құжаттарды оффлайн режимде, мектеп немесе білім бөлімдері арқылы жүзеге асырылған еді. Кейін бұл процесс толығымен онлайн форматқа көшірілген болатын. Нәтижесінде, мемлекеттік платформалардың дайын еместігі мен техникалық іркілістері мыңдаған ананы әбігерге салды.

 Цифрландыру процесі халықтың өмір сапасын жеңілдетуі тиіс болса да, іс жүзінде керісінше болып шықты. Цифрлық сауаттылығы төмен немесе техникалық ақауларға байланысты өтініш бере алмаған ата-аналар үшінші тұлғалардың ақылы көмегіне жүгінуге мәжбүр. Төлемнің түсетініне ешқандай кепілдік болмаса да, амалы таусылған жұрт қаражатын соларға ұстатып отыр. Платформалардың дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан ата-аналар әлі де жергілікті білім бөлімдері мен әлеуметтік қорларды аралап, уақыты мен жүйкесін құртуда.

Атырау мен Шымкенттегі наразылық: Не себепті бас тарту көп?

 Атырау облысында көмекке үміт артқан көпбалалы аналар тарапынан жаппай шағымданған бейне әлеуметтік желіде таралуда. Критерийлерге сай келсе де, өтініштерге себебі түсіндірілместен бас тарту хабарламалары келіп жатыр. Тіпті 11 бала өсіріп отырған, оның 6 мектепке баратын отбасының өтініші де кері қайтарылған. Жауапты қызметкерлердің "себебін білмейміз" деп қысқа қайыруы бюрократиялық жауапсыздықтың айқын көрінісі.

 Ұқсас жағдай Шымкент қаласында да байқалады. Оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда, балаларын мектепке қалай киіндірерін білмей дағдарған ата-аналардың ашу-ызасы орынды. Мектеп тарапынан бекітілген бірегей форма талап етілгенімен, оны сатып алуға әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мүмкіндігі жете бермейді. Мемлекеттік әлеуметтік көмек беру құрылымын түбегейлі қайта қарау – заман талабы. Халықты сабылтпай, ақшаны шынымен мұқтаж жандарға әділ әрі уақытылы жеткізу үшін мынадай қадамдар жасалуы қажет секілді:

 Базаларды интеграциялау: Мемлекеттік органдарда (Цифрлық даму, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім министрліктері) АӘК алатын, көпбалалы, жетім немесе қамқоршысы жоқ балалардың толық деректер базасы бар. Ата-анадан өтініш пен құжат жинауды талап етпей-ақ, көмекті автоматты түрде есепшотқа аударуға толық мүмкіндік бар.

 Мектептер мен сынып жетекшілерінің ролін арттыру: Оқушының әлеуметтік жағдайын мектеп ұжымы мен сынып жетекшісінен артық ешкім білмейді. Жыл басында мұғалімдер расымен де мұқтаж отбасылардың тізімін жасап, білім бөліміне ұсынса, бұл процесті едәуір жеңілдетер еді. 

 Төлем мерзімін ертеге жылжыту: Көмек қаражатын тамыздың аяғында немесе қыркүйекте емес, маусым-шілде айларында аударған тиімді. Бұл ата-аналарға бағаның көтерілуіне дейін мектеп киімдері мен құралдарын асықпай сатып алуға мүмкіндік береді.

 Жалпы айтқанда, бюджеттен 23 миллиард теңге бөлу – мәселені толық шешу деген сөз емес. Ең бастысы – сол қаржының әрбір мұқтаж балаға кедергісіз, ашық әрі уақытылы жетуін қамтамасыз ету. Әлеуметтік көмек халықты әбігерге салатын емес, шынайы демейтін көмекке айналуы тиіс.