Қызылордада боранды күні мал іздеуге шыққан жасөспірім аман табылды

2 524

Қызылордалық полицейлер боранды күні мал іздеуге шыққан 16 жастағы жасөспірімді іздеп тапты, деп хабарлайды  "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Қызылордада 11 желтоқсанда ауа райы күрт өзгеріп, 25 градусқа дейін суытты. Сол күні күндізгі сағат 10:00 шамасында 46 жастағы азамат 16 жастағы ұлымен Жалағаш ауданына қарасты Жаңадария ауылынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Ақшоқы учаскесінде фазендадан екі жаққа бөлініп, мал іздеуге шыққан.


Баласының фазендаға әлі келмегенін білген әкесі автокөлікпен ұлын іздеуге шыққан. Әрекеті сәтсіз болып, ол полицияға жүгінуге мәжбүр болған.


Жасөспірімді іздестіруге Жалағаш аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы дереу жұмылдырылды. Полицейлер, Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен еріктілерден арнайы топ құрылды. Ауданның барлық ауылы, далалық жолдар түгел қамтылды. Іздестіру шараларының нәтижесінде жоғалған бала түнгі сағат 2:00-де Жалағаш ауданы Жаңадария ауылына қарасты далалық жерден солтүстікке қарай 20 шақырым жерден табылды.

«Іздестіру жұмыстары сәтті аяқталды. Жасөспірім қатты желдің әсерінен жолынан адасқан. Аймақ тұрғындарынан дауылды ескерту жарияланған уақытта алыс сапарға шықпауын сұраймыз», - дейді Қызылорда облыстық полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов.