Қызылорда облысында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Достық үйімен танысты

1 503

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өңірдегі маңызды қоғамдық институттардың бірі – Достық үйі ғимаратына арнайы барып, оның қызметімен танысты. Танымдық кездесудің басты мақсаты – мекеменің жұмыс бағыттарын зерделеу, сондай-ақ өңірдегі қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту жолындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен ақпарат алу болды.

Іс-шара барысында қонақтарды Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы-на қарасты Қоғамдық келісім және тілдер орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Бақытжан Камалов қарсы алып, Достық үйінің құрылымы, негізгі қызмет бағыттары мен жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде жан-жақты баяндама жасады.

Кездесу барысында Достық үйінің тек мәдени шаралар өтетін орын ғана емес, сонымен қатар түрлі этностардың басын қосатын, қоғамдық келісімді нығайтатын маңызды алаң екені атап өтілді. Мұнда өңірдегі этномәдени бірлестіктер шоғырланып, олардың бастамалары мен жобаларына жан-жақты қолдау көрсетіледі. Қазіргі таңда орталық базасында түрлі этностардың тілін, мәдениетін, дәстүрін насихаттайтын ондаған бірлестік белсенді жұмыс істейді.

Қонақтарға этномәдени бірлестіктердің қызметі, олардың қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы рөлі, жастармен жүргізілетін тәрбие жұмыстары, сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бағытындағы жобалар таныстырылды. Сонымен қатар, өңірде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік маңызы бар бастамалар, медиация кабинеттерінің жұмысы, қайырымдылық және қоғамдық акциялар туралы да кеңінен ақпарат берілді.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері үшін бұл кездесу ерекше маңызға ие болды. Себебі олардың күнделікті қызметі тек қауіп-қатердің алдын алумен ғана шектелмей, қоғаммен тығыз байланыста болуды талап етеді. Осы тұрғыда қоғамдық келісім мен бірліктің маңызын терең түсіну – олардың кәсіби қызметіне де оң әсерін тигізеді.

Кездесу аясында қатысушылар өзара пікір алмасып, сұрақтар қойып, ұсыныстарын білдірді. Әсіресе, төтенше жағдайлардың алдын алу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын этномәдени бірлестіктермен бірлесе жүргізу мүмкіндіктері талқыланды. Бұл өз кезегінде халықпен жұмыстың тиімділігін арттырып, түрлі жағдайларда жедел әрі үйлесімді әрекет етуге ықпал ететіні айтылды.

Іс-шара соңында қонақтар Достық үйінің материалдық-техникалық базасымен танысып, орталықтың қызметіне оң бағасын берді. Мұндай танымдық кездесулер алдағы уақытта да жалғасып, түрлі мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайта түсетініне сенім білдірілді.

Жалпы, бұл кездесу – қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Осындай бастамалар арқылы түрлі сала қызметкерлері арасында өзара түсіністік артып, қоғамдағы тұрақтылық пен татулықтың берік негізі қалыптаса беретіні сөзсіз.