«Әскерден мүгедек болып оралды»: Төсекке таңылған сарбаздың ата-анасы ресми диагнозға сенбейді
Шымкентте әскерден елге оралуына бір ай ғана қалғанда ауруханаға түсіп, арбаға таңылған Өмірбек Сұлтанмұратовтың жақындары әділдік іздеп шырылдап жүр. Дәрігерлер жас жігіттің басына шұғыл ота жасап, оған «менингит» деген диагноз қойғанымен, ата-анасы ұлының әскерде соққыға жығылғанына сенімді,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz порталына сілтеме жасап.
18 жасында өз еркімен Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған Өмірбек Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімінде Ұлттық ұлан сапында қызмет еткен. Жақындары оның жағдайы туралы тек комаға түскенде ғана бір-ақ білген. Ауруханаға дереу жеткенімен, туыстарына жігітті екі апта бойы көрсетпеген көрінеді.
Анасының сөзінше, Өмірбектің орнынан тұрып, сөйлегісі келеді, бірақ оған әлі дәрмені жоқ. Ал дәрігерлер ота жасамағанда бәрі басқаша болар еді.
Бала күнінен әскери қызметкер болуды армандап, спортпен шұғылданған тепсе темір үзетін кенже ұлын өз қолымен әскери комиссариатқа апарған әкесі де өкінішін жасырмайды.
Үш жарым жыл бойы перзентін аурухана жағалатып емдетіп жүрген отбасы бұл істе шикілік көп екенін алға тартады. Өйткені жауынгердің не себепті мүгедек болып қалғаны бойынша қылмыстық іс те қозғалмаған. 2023 жылдан бері төсекке таңылған Өмірбектің өзі болған жайды айтып бере алмайды, ол тіпті ата-анасын жақында ғана тани бастаған.
Сарбаздың ата-анасы ұлының мұндай мүшкіл халге түсуінің нақты себебін сұрап, Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдаған, алайда ведомстводан әлі күнге дейін жауап келмеген.
Қаз
Рус






