ШИЕЛІДЕ МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ ӘКЕСІНЕН ЖҮКТІ БОЛЫП ҚАЛҒАН БА?

6 118

Фото: Opennews.kzШиелі ауданында 8 - сынып оқушысы әкесінен жүкті болып қалғандығы туралы ақпарат тарауда, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Өкінішке орай, бұл тек алғашқы жағдай емес. Бүгінде қоғамда ерте жастағы жүктілік, зорлық-зомбылық, балалардың құқықтарының бұзылуы – күн тәртібінде тұрған аса маңызды тақырыптар. Ал Шиеліде орын алған оқиға – мұның ең ауыр көрінісі.

Айтпақшы, бұл жағдайдың ел ішінде алғаш рет болып отырмағаны дау тудырады. Жыл басында Қызылорда қаласында жезөкше болып қызмет жасаған оқушы қыздың оқиғасы да жұрттың есінен әлі кетпегені рас. Осыған қарағанда, біздің облысымызда балалар мен жастарға қатысты мәселелер тек күшейіп қана барады, бірақ шешімдер мен реформалар әлі жоқ. Әлеуметтік жағдайдың ауырлығы мен балалардың психоэмоционалдық күйінің нашарлығы мектептер мен білім мекемелерінде жүргізілетін профилактикалық жұмыстың әлсіздігін көрсетіп отыр.

Құқық қорғау органдары мен білім басқармасы бұл жағдайға неге дер кезінде назар аудармады? Мектеп инспекторлары мен әлеуметтік қызметкерлер өз міндеттерін орындамады ма? Олардың басты міндеті – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, психологиялық жағдайын бақылау, әрі тиісті шараларды қабылдау емес пе? 

Қызылорда облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жақсыгүл Тоғанова да бұл мәселені өз бақылауына алғанын мәлімдеді. 

«Хабарым бар. Өкінішке орай Шиелі ауданынан осындай суыт хабар келіп түсті. Құзырлы органдар тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде. Іс менің бақылауымда. Оқушы қыз өзінің заңды өкілінің қасында. Басқа да ақпараттар тергеу амалдары аяқталған соң белгілі болады.», - дейді Қызылорда облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкілі Жақсыгүл Тоғанова.

Ал аудандық білім бөлімі аталмыш мәселеден хабарсыз екендігін, тіпті мұндай ақпарат тіркелмегендігін ресми мәлім етті. Неліктен білім басқармасы дер кезінде қимылдап, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті шаралар қабылдамады? Ал, білім бөлімінің ақпаратын құқық қорғау органдары жоққа шығарып, қазіргі таңда қылмыстық іс тіркеліп, жіті бақылауда екендігін атап өтті.

Бұл мәселеге байланысты қазіргі таңда құқық қорғау саласы мамандары да жұмылдырылып, тиісті жұмыстар атқаруда. Ал білім басқармасына қарасты білім бөлімі нақты ақпаратты  таратудан неге бас тартып отыр? Жауапты білім басқармасы арнайы өткізілген кездесуде қосымша жауап берілетіндігін айтып қана шектелді.