Қоқыс арасынан табылған елтаңба үшін блогер айыппұл төледі
Желіде Жетісу облысында қоқыс алаңынан елтаңба тауып алған блогерге айыппұл салынғаны туралы ақпарат тараған, оқиғаға өңірлік Полиция департаменті түсініктеме берді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Жетісу облысы Жансүгіров ауылының блогері Данияр Бейісқали төрт жыл бұрын қоқыс арасынан Қазақстан Республикасының елтаңбасын тауып алып, оны үйіне алып кеткен. Ер адам мемлекеттік нышанды ретке келтіріп, тазалап, өз үйіне іліп қойған.(Видео)
“Ниеті дұрыс сияқты көрінгенімен, бұл әрекет бәріне бірдей ұнай қоймаған. Арада бірнеше жыл өткен соң бұл ақпарат жергілікті билікке жетіп, блогерге 216 мың теңге айыппұл салынды”, – делінген хабарламада.
Ақсу ауданы әкімдігі полицияға Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасын мақсатсыз пайдалану дерегі бойынша өтініш түсірген.
“Тексеру барысында аталған құқықбұзушылыққа жол берген Ақсу ауданының тұрғыны анықталды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылды”,-деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Ведомство мемлекеттік рәміздер заңмен ерекше қорғалатынын еске салған. Оларды тек заңнамада белгіленген тәртіппен ғана пайдалануға болады.
Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарап, оларды заңсыз пайдалануға жол бермеулеріңізді сұраймыз -,деді Жетісу облыстық Полиция департаменті







