Қызылордада отбасылы әйелді зорлап кеткен пробация есебіндегі азамат әлі бостандықта жүр

494

Қызылорда облысы Шиелі ауданында бұрын сотты болған азамат екі баланың анасын зорлап кеткен, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


 

Бұл туралы NeМолчи.kz қорының басшысы Дина Таңсәрі жазды. Ол тергеушілердің зорлық-зомбылық бойынша істі қысқартып, қатынас әйелдің қалауымен болды деп танымақшы екенін айтты.


Оның айтуынша, Шиелі ауылында келіншектің үйіне бұрын сотталған ер адам кіріп кетіп, жыныстық зорлық-зомбылық жасаған.


“Бұрын сотталған ауыл тұрғыны жергілікті кафеден алкоголь өнімдерін ішіп, мас күйде екі баласы бар әйелдің үйіне кіріп келген. Үйде отағасының жоқ екенін алдын ала біліп, әйелді зорлады. Cондай-ақ үні шықпасын деп аузын қолымен жапқан. Келіншек қаскөй балаларына зиянын тигізеді деп қорқып, айқайлай алмаған. Өйткені осыған дейін оның бұрын біреуге пышақ жарақатын салғанын білетін”, – деп жазады белсенді.


Әйелдің бір баласының ерекше қажеттіліктері бар, ал күйеуі сол уақытта  жұмыста болған. 


Күдікті 2019 жылдың қараша айында ҚР ҚК 106-бабының 1-бөлігі бойынша адамға пышақ салғаны үшін қазір пробацияда.


Қоғам белсендісінің айтуынша, тергеуші әйелдің денесінде ұрып-соғу белгілері болмағандықтан, мұны жыныстық зорлық-зомбылық деп атамаған. Дәлелдемелерді ішкі сенімдер негізінде бағалап, ҚІЖК-нің 25-бабының конституциялық емес бабын пайдаланып, ол қылмыскермен өзара жыныстық қатынасқа түсті деп шешті.


“Бұлай жалғастыруға болмайды, полицей зорлықшы сияқты ойлайды. Қазақстан полицейлерінің, прокурорлары мен судьяларының қылмыскерлермен бір деңгейде ойлайтындарының кесірінен мыңдаған зорлықшы бостандықта жүр.

Ел-жұрт ұлттық құндылықтарды сақтау керек екенін айтады, бірақ ана кез келген ұлттың басты құндылығы екенін ұмытпайық. Ұлтымыздың басты құндылығы аналарды ұрып-соғуға, зорлауға және өлтіруге бола ма екен!”, – деп жазды Таңсәрі.


Оның айтуынша, күдікті әлі бостандықта жүр.


Қызылорда облысы полиция департаменті оқиғаға қатысты былайша түсініктеме берді;

“Осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 121-бабының 1-бөлігі Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау бойынша қылмыстық іс тіркелді, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Күдікті анықталды, тергеу жүргізілуде және оның әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін барлық шаралар қабылдануда. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды, нәтижелері әлі алынбады”, – деп мәлімдеді Қызылорда облыстық ПД.


Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес одан әрі сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол берілмейді.