Жас кәсіпкер оқу орталық ашып, қосымша білім беруді қолға алған
Жастар елдің ертеңі, мемлекеттің қозғаушы күші, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бүгінде жастарға қай салада болмасын өз арман мақсаттарын жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Мемлекет тарапынан да қолдау жоғары. Әсіресе нәзік жандылардың отбасы, ошақ қасындағы тірлік пен қоғам дамуына да үлек қосып жүргені шынымен де қайран қалдырады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз табандылығымен талайды тамсандырып жүрген жан. Ол бір әулеттің келіні, аяулы жар, ұл қызының ардақты анасы, басшы һам он саусағынан өнер тамған шебер Жақан Анар Биқалиқызы.
Ол 1993 жылы Арал қаласында Бижановтар отбасында дүниеге келді. Қаладағы №220 мектепте білім алып, Алматы технологиялық университетін бітірген. 2013 жылы жолдасы Әлби екеуі шаңырақ көтеріп, өнегелі отбасы ретінде елге белгілі Садықбаевтар әулетіне кенже келін болып босаға аттайды. Анар үшін бірінші кезекте отбасы тұрды. Қайын жұртына келіндік қызметін атқарып, жұбайының бабын жасап, өмірге ұрпақ әкелді. Осылайша 7 жылдың өте шыққанын да аңғармай қалды.
2020 жылы қала, ауыл балаларына сапалы білім беруге бағытталған Аралда алғаш болып ашылған “IQ” оқу орталығының жұмысын жүргізу Анарға жүктеледі. Мұнда балаларға мектептен бөлек қосымша тереңдетілген білім беріледі. 3 жылда 800-ге жуық оқушыны қабылдап, ҰБТ-ға дайындап, бастауыш сынып курстары, жеке пәндерден тереңдетілген негізде курстар балалардың білімге құштарлығын аша түседі.
Анар қолөнермен айналысп, оқу орталығының жұмысын үйлестірумен тоқтап қалған жоқ. Аралдың қыз-келіншектеріне арналған дамушы орта қалыптастыруды ойлап, “GN” өнер орталығының негізін қалаушы Назерке Алиқызы екеуі “Нәзік әлем” дамыту орталығын құрды.
Бір адамның бойына сан қаиетті сыйдыра білген Анар Биқалиқызы үлкен әулеттің абыройын асырған келін, 3 баланың анасы, жолдасының жетістікке жетуіне септігін тигізіп отырған жар және қоғам өмірінде өз орнын қалыптастырған көпке үлгі боларлық әйел. Кейіпкеріміздің бүгінгі болмысына қарап адамда ниет болса барлы шаруаның шыңына шығуға болатындығын аңғардық.