"15 жасымда тұрмысқа шықтым"...

461
Алматы облысы Кербұлақ ауданының тұрғыны Гүлназ Шәкенова 42 жасында 14 баланың анасы атанды. 15 жасында тұрмысқа шыққан Гүлназ бен жолдасы Сәрсенбайдың тұңғыштары Жадыра 26 жасқа толса, кішкентай Нұрғалым 2021 жылдың наурызында дүниеге келді. 

Гүлназ бен Сәрсенбайдың жанұясы 2019 жылға дейін Кербұлақ ауданына қарасты Қаспан ауылында тұрған. Ал 2019 жылы бірнеше жылдан бері үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасыға аудан орталығы Сарыөзектен алты бөлмелі үй берілді. Сәдуақасовтар отбасы он төртінші сәбиін сол үйде күтіп алған болатын.

"Тұңғыш қызым Жадыра 1995 жылы дүниеге келді. 1997 жылғы Сәния, 1999 жылғы Айжан, 2001 жылғы Ақжан есімді қыздарымыз бар. 2002 жылы үлкен ұлымыз Ұлан өмірге келді, 2004 жылы Диана, 2007 жылы Сұлтан, 2010 жылы Шолпан есімді қызымыз дүние есігін ашты. 2012 жылы Айғанымды, 2014 жылы Сырымды, 2016 жылы Айгүлді, 2018 жылы Айшаны, 2019 жылы Айдананы жарық дүниеге әкелдім. Алланың қалауымен 2021 жылы кенжеміз Нұрғалым өмірге келді. Балаларымның бәрін өзім босандым. Егіздер де, үшемдер де жоқ. Көпшілік ойлағандай асырап алған балаларымыз да жоқ", - дейді Гүлназ. 

Бүгінде Гүлназ Шәкенова 14 баланы дүниеге әкелгені үшін "Алтын алқа" иегері атанған. Ол әр баланың несібесі барын екенін айтып, мемлекеттен қандай да бір көмек сұрамағанын алға тартты. 

"Бес балалы болғанша марқұм енем көмектесті. Ол кісі он жыл бұрын өмірден озды. Кейін балалар бір-бірін бағып, өздері көзді ашып жұмғанша өсіп кетті. "Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі" деген қазақтың сөзі бар. Әр бала өз несібесімен туылады. Сондықтан, әр балам үшін шүкірлік етемін. Ешкімге қол созып барған емеспіз. Ешкімнен айғайлап көмек сұраған жоқпыз. Өйткені, баланы үкімет үшін емес, өзіміз үшін тудық. Өзім бала тәрбиесімен үйде отырғандықтан, отбасымыздың барлық шығыны отағасының мойнында. Құдайға шүкір, жолдасым бізді ешкімге қол жайғызған емес. Әр жерде жұмыс істеп, 14 баласын асырап келеді. «Алтын алқа» үшін 16 мың теңге, атаулы әлеуметтік көмек ретінде 74 мың және көпбалалы ана атанғаным үшін кәмелетке толмаған балаларыма 93 мың теңге аламын. Мемлекеттен көмек сұраған жоқпыз, егер өздері беріп жатса, бас тартпаймыз", - дейді 14 балалы ана Гүлназ.