Бейнеролик арқылы табыс уәде еткен пирамида әшкереленді
Алматыда өзін табысты онлайн жоба ретінде таныстырған "NBC TV" қаржы пирамидасы әшкереленіп, 500 миллион теңгеден астам қаражатқа тыйым салынды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы қаласы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті «NBC TV» атауымен белгілі қаржы пирамидасын ұйымдастыру және оған жетекшілік ету фактісі бойынша жүргізілген тергеуді аяқтады. Тергеу барысында күдіктінің «www.nbcms.com» сайты мен WhatsApp мессенджері арқылы азаматтарды тартып, инвестициялық жоба ретінде бүркемеленген заңсыз қаржы схемасын іске асырғаны анықталды. Арнайы құрылған чаттарда, соның ішінде «Дискуссионная группа NBC Charlotte» және «NBCUniversal Media LLC» топтарында 200-ден астам адам тіркелген.
Жоба қатысушыларына қысқа бейнероликтерді, яғни фильм трейлерлерін қарау арқылы табыс табу ұсынылған. Ол үшін құны 11 мыңнан 160 мың теңгеге дейінгі инвестициялық пакеттерді сатып алу қажет болған. Ұйымдастырушылар тәулігіне 5-10 пайыз, ал айына 150 пайыздан астам пайда табуға болады деп уәде берген. Алайда төлемдер іс жүзінде жаңа салымшылардың қаражаты есебінен жүргізілген. Жүйеде рефералдық бағдарлама енгізілген. Жаңа қатысушыларды тартқан тұлғаларға салынған қаржының 10 пайызына дейін сыйақы беріліп, төменгі деңгейдегі қатысушылар үшін қосымша бонустар қарастырылған.
Заңды қызметтің көрінісін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерде белсенді жарнама жүргізіп, жалған құжаттар жариялаған. Сондай-ақ қолдан жасалған табыс көрсеткіштерін көрсетіп, блогерлерді тартқан. Жиналған қаражат жеке тұлғалардың шоттарына түсіп, кейін P2P операциялары арқылы криптовалютаға айырбасталып, анонимді әмияндарға аударылып отырған. Соттың санкциясымен жалпы көлемі 1 057 599 болатын криптовалютаға (шамамен 528,5 миллион теңге) тыйым салынды. Күдіктіге қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қылмыстық іс сот қарауына жіберілді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етілмейді. Қаржы мониторингі агенттігі азаматтарға инвестиция салмас бұрын компанияның ресми тіркелуін, құқықтық мәртебесін және рұқсат құжаттарын мұқият тексеріп, ұсынылған табыстың шынайылығын жан-жақты бағалауға кеңес береді.







