Елімізде таксилер жаппай тексеріледі
449
Өткен демалыс күндері елімізде 80-нен астам жол-көлік оқиғасы болып, 20-дан астам адам қаза тапты. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұраталиев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Жол жағдайын ескеріп, еліміздегі жолдарда адамдардың қаза болуы, жарақат алуы, мүгедек болып қалуы салдарынан Ішкі істер министрлігі жол қозғалысы қауіпсіздігі айлығын өткізуді ұйғарды. Жол-патрульдік қызметтің барлық экипаждары осы шараны өткізуге барынша жұмылдырылған. Бірінші кезекте жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын көлік құралдары тексеріледі. Яғни, автобустар, микроавтобустар, минивэндер, такси жүргізушілері. Осы жол апаттарын талдау нәтижесінде көргеніміздей, мысалы, бес орын қарастырылған жеңіл автокөлікте – жеті-сегіз адам, бес ересек және екі-үш бала қаза тапқан», - деді Жандос Мұратәлиев Ішкі істер министрлігінің онлайн брифингінде.