Педофилдер өмір бойына сотталады
Сенаттың жалпы отырысында депутаттар "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы мен ілеспе құжатты екінші оқылымда мақұлдады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Заңның мақсаты - әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейту, олардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу.
Депутаттың айтуынша, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру жасағаны үшін бас бостандығын шектеу түріндегі балама жаза алып тасталады, оның орнына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалады.
Сондай-ақ, баланы өлтіргені үшін (99-бап), балаға қатысты зорлау әрекеттерін жасағаны үшін (120-бап) және балаға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін (121-бап) Қылмыстық кодекстің қолданыстағы нормаларында көзделген басқа балама жазаларды алып тастау арқылы өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді.
16 жасқа толмағандарға сексуалдық сипатта тиіскендерге жауапкершілік енгізіледі. Бұдан бөлек, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал еткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, Қылмыстық кодекс жаңа қылмыс құрамымен толықтырылады.
Сондай-ақ, заңда мынадай ережелер енгізілген:
- "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодексте Отбасын қолдау орталықтарының құқықтық мәртебесі және олардың атқаратын қызметтері туралы, отбасы, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мәселелері бойынша ақпараттық-анықтамалық әрі психологиялық көмек көрсету жөніндегі 111 байланыс орталығы туралы нормалар бекітіледі;
- Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға күш қолдана отырып, әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға денсаулық сақтау ұйымдарында психологиялық көмек көрсету тәртібін әзірлеу және бекіту жөніндегі құзырет беріледі;
- Балалардың құқығын қорғау үшін Кәсіпкерлік кодексте меншік нысанына және ведомстволық бағынылыстылығына қарамастан интернаттық ұйымдарда, білім беру ұйымдарында, баланың құқығын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарда, сондай-ақ стационар, жартылай стационар жағдайларында мүгедектігі бар адамдарға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарда алдын ала ескертусіз, мемлекеттік бақылау жүргізуді көздейтін нормаларды енгізіледі;
- Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі қызметтің сапасын арттыру мақсатында оны лицензиялауды енгізу, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кәмелетке толмағандарға білім беру-сауықтыру қызметтерін лицензиялау енгізіледі;
- Неке және отбасы институтын нығайту, әлеуметтік-экономикалық қолдау, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларына) жан-жақты қолдау көрсетуді анықтау және ұйымдастыру бойынша жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыретін кеңейту көзделеді;
- "Автомобиль көлігі туралы" заңы баланың қауіпсіздігін қамтамасыз үшін 16 жасқа толмаған, ата-анасы немесе басқа да заңды өкілдері ертіп жүрмеген баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салатын нормамен толықтырылды;
Өмірде қиын жағдайға ұшыраған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі мобильдік топтарды құру және олардың қызметі туралы нормалар енгізіледі.