Баспана қымбат, халық табысы ілеспейді: депутат дабыл қақты
Қазақстанда тұрғын үйдің қолжетімділігін тек салынған үй көлемі мен берілген ипотека саны арқылы бағалау жеткіліксіз. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Бөріхан Нұрмұхамедов осы мәселені көтеріп, Үкіметке сауал жолдаған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, «Әділет» партиясының бағдарламасында 2031 жылға қарай қазақстандықтардың сапалы әрі қауіпсіз тұрғын үймен қамтамасыз етілу деңгейін бір адамға шаққанда 30 шаршы метрге дейін жеткізу көзделген. Бұл мақсатқа ипотеканы қолжетімді ету, тұрғын үйді сатып алу құқығымен жалға беру, үлескерлердің құқықтарын қорғау және тозығы жеткен үйлерді жаңарту арқылы қол жеткізу көзделген.
Алайда бұл мақсат орындалуы үшін әр отбасының үй сатып алуға немесе жалға алуға нақты мүмкіндігі болуы керек.
Құрылтай депутатының сөзіне сүйенсек, тұрғын үйдің қолжетімділігін бағалаудың өңірлік көрсеткіштерінің ресми жүйесін енгізу орынды деп санаймыз. Есептеулердің негізіне үй шаруашылығының медианалық табысын алу қажет. Тұрғын үйдің құны нақты мәмілелер, нарықтағы кредиттеу талаптары және тұруға кететін жалпы шығындар негізінде айқындалуға тиіс. Оның айтуынша, әдістеме мынадай көрсеткіштерге негізделуі керек:
Қолжетімділік коэффициенті: стандартты тұрғын үйдің нарықтық құнының отбасының медианалық жылдық табысына арақатынасы.
Жүктеме көрсеткіші: қолда бар табыстың ипотекалық төлемге, жалдау ақысына және коммуналдық шығындарға жұмсалатын үлесі.
Жинақтау кезеңі: отбасының бастапқы жарнаны жинауы үшін қажетті нормативтік мерзім.
Біліктілік кедергісі: банктердің талаптары мен мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының критерийлеріне нақты сәйкес келетін отбасылардың үлесі.
Отбасы бюджетіне түсетін жүктеме: табысының 30%-дан, 40%-дан және 50%-дан астамын тұрғын үйге жұмсайтын үй шаруашылықтарының үлесі.
Осыған байланысты азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің ғылыми негізделген әрі әділ тәсілдерін енгізу мақсатында Үкіметке бірқатар ұсынысын жеткізді:
Тұрғын үйдің қолжетімділігін бағалаудың өңірлік көрсеткіштері жүйесінің бірыңғай әдістемесін бекітудің орындылығын бағалап, үш ай ішінде барлық өңір бойынша 2024-2026 жылдарға арналған пилоттық есептеулерді ұсыну;
2027 жылдан бастап көрсеткіштерді тоқсан сайын жариялайтын, сондай-ақ сарапшылар қауымдастығына есептеу алгоритмдерін ашатын ашық цифрлық панельді іске қосу мүмкіндігін қарастыру;
Жеңілдетілген ипотеканың, сатып алу құқығымен жалға берудің және тұрғын үй сертификаттарын берудің шарттарын әрбір нақты өңірдегі тұрғын үйдің қолжетімділік деңгейімен міндетті түрде байланыстыру мүмкіндігін зерделеу;
Қолданыстағы тұрғын үй бағдарламаларының тиімділігін бағалап, олардың отбасылардың баспана сатып алуға жұмсайтын нақты шығынын қаншалықты азайтқанын анықтау.
Қаз
Рус






