Қызылордадағы көлік ең көп өтетін көпір қауіпті ме?
368
Әлеуметтік желіде Қызылордада күніне үстінен мыңдаған көлік жүретін өткелдің сұмдық көрінісі тарады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Қазір қала орталығы мен шет аймақтардың ортасын темір жол бөліп жатыр.Облыс орталығындағы тұрғындар қаланың арғы басы мен бергі басына небәрі үш өткел арқылы қатынайды. Соның ішінде көлік ең көп жүретін көпірдегі бетон плиталардың арасы ашылып, тот басқан темірлері ырсиып тұр. Мұндай көріністің суреттері әлеуметтік желіде жарияланды.
Көпірдегі бетондардың арасынан су кетіп жатыр. Бұл қауіпсіз емес пе? Бетондағы темірлердің ылғалдан тот басып қалғаны көрінеді. Көпірдің үстінен өту өте қорқынышты—деп жазды желі қолданушысы.
Шынымен қазір көпірдің үстінен көлікпен өтсеңіз дүрсілдеген дауыстар қатты шығады. Алайда соған қарамастан бұл өткелмен күніне мыңдаған жеңіл автомобиль де, қоғамдық көліктер де жүріп жатыр. Осы мәселе бойынша Экспресс К тілшісі қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысына хабарласты. Алайда басшы өткелдің басқармаға қарайтынын жеткізді. Басқармадағыларға телефон шалсақ, ондағылар бөлімге сілтеп отыр.
Жауапты шенеуніктер осылай бір-біріне сілтеп отырғанда, көпшілік көпірден өтуден қорқып отыр.