Ер адам бұрынғы жұбайына 9 жерден пышақ жарақатын салғаны үшін 10 жылға сотталды
Ақмола облысында ер адам бұрынғы жұбайына тоғыз рет пышақ сұққаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Іс Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Айыпталушыға Қылмыстық кодекстің 24-бабының 1-бөлігі және 99-бабының 1-бөлігі (адам өлтіруге оқталу) бойынша айып тағылған.
Сот анықтаған деректерге сәйкес, ер адам ас үй пышағын алып, бұрынғы жұбайының жұмыс орнына сөйлесуге барған. Әңгіме барысында жанжал шығып, әйел дәретханаға кеткен кезде айыпталушы оның артынан кіріп, арқасына пышақ сұққан. Жәбірленуші қашуға әрекеттенгенімен, ер адам оны бірнеше рет қайта пышақтаған. Көшеге шыққан соң да айыпталушы шабуылын жалғастырып, барлығы тоғыз жарақат салған.
Куәгерлердің көмегімен ер адам оқиға орнында ұсталып, полицияға тапсырылған. Сараптама қорытындысы оның есірткіге тәуелді екенін және мәжбүрлі емдеуді қажет ететінін көрсетті.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындамай, тек «қорқытпақ болғанын» айтқан.
Сот үкімімен ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, жәбірленушінің ем-дом шығындарын өтеуге және жазасын өтеу барысында есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі ем қабылдауға міндеттелді.
Ақмола облысы сотының хабарлауынша, үкім заңды күшіне енген жоқ.







