Әкім қазақ батырларына көше беруге қарсы шықты (видео)

481

Ақмола облысы Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев қазақ батырларына көше беруге қарсылығын білдірді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.

Оның комиссия отырысында айтқан сөздері әлеуметтік желіде тарап кетті.

Ономастикалық комиссияның оң шешіміне қарамастан бұл талқылау болмайды. Қазір қоғамдық-саяси жағдай бұған мүмкіндік бермейді. Егер көше атын өзгертсек, ол жерге асфальт төселіп, жарық түсіп кете ме? Бұл қазір көтеретін мәселе емес,— дейді әкім.


Орыс тілді әкім Әсет Мұздыбаевтың бұл әрекеті көпшіліктің ашуын туғызды. Әлеуметтік желіде журналист Анар Төлеухан кілең орысша атауға қарап бейне бір жат елде, жат жерде жүргендей боласың деп ашынды.

"Златополье, Савинка, Сосновка, Дмитриевка, Сотниковка, Николаевка, Вишневка, Успеноюрьевка, Брусиловка, Клинцы, Красный Кордон, Зеленый бор, Лесной хутор, Новоандреевка. Бұл — бір ғана Бурабай ауданындағы ауылдардың аттары. Ресей емес, Қазақстан. Жалпы, Ақмола облысын көлікпен араласаңыз (қараңызшы, бәрі орысша), Степногор қаласы, Целиноград, Астрахан аудандарын басып, Щучинск, Балкашино, Державинка, Степняк қалаларына жеткенше Константиновка, Бауманское, Михайловка, Ярославка, Малотимофеевка, Малиновка, Капитоновка және тағы да басқа көптеген вка ауылдарды көресіз. Бейне бір жат елде, жат жерде жүргендей боласың", — деп жазды журналист.

Әсет Мұздыбаев — Бурабай ауданына 2019 жылы тамыз айында тағайындалған.