Қызылордада қызметкер көлік жөндеп жатқан кезінде қайтыс болған
Қызылордада компания қызметкері көлік жөндеп жатқан кезінде қайтыс болған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жоғарғы сот мәліметінше, оның жұбайы жазатайым оқиғаны арнайы тексеру туралы өтінішпен құзыретті органға жүгінген. Бақылау жөніндегі облыстық басқарманың тексеру жүргізуден бас тартқан әрекетін әйел сотта даулады.
Талап қоюда ол жұмыс берушінің техника қауіпсіздігі шараларын сақтамағанын және жұмысшымен кезінде еңбек шартын ресімдемегенін атап өткен. МАӘС бұл талап қоюды қанағаттандырды. Басқарманың әрекеттері заңсыз деп танылып, ер адамның қайтыс болу фактісін тексеруді міндеттеді.
ЖШС және Басқарма МАӘС шешіміне шағымданды. Басқарма тексеру жүргізуден бас тартуға қаза тапқан адам мен ЖШС арасындағы еңбек қатынастарын растайтын құжаттың жоқтығы негіз болғанын көрсетті.
Бірақ, еңбек шартының, жұмысқа қабылдау және жұмыстан босату туралы бұйрықтардың, зейнетақы аударымдарының болмауы олардың арасында еңбек қатынастарын тану мүмкіндігін жоққа шығармайды. Жұмысшыға ЖШС аумағында жұмыс істеуге рұқсат етілгені анықталды.
Ол қызметтік көлікті басқарып, қолма-қол ақшамен және банктік картамен жалақы алған. Бірақ, жұмысшы мен ЖШС арасында еңбек шарты жасалмаған. Куәлер қайтыс болған адамның ЖШС-де жұмыс істегенін растады.
Облыстық сот жұмысшы мен ЖШС арасындағы жасырын еңбек қатынастарының болуын көрсете отырып, жұмысшының қайтыс болу фактісі бойынша тексеруден бас тартқан Басқарманың әрекеттерін заңсыз деп тапты. Іс бойынша шығарылған МАӘС шешімі күшінде қалды.
Облыс әкімінің атына Бақылау басқармасының іс-әрекеттерінде жол берілген бұзушылықтар туралы жеке ұйғарым жолданды.